«Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Ермат Байғұрманов мұндай шаралардың әр аудандарда жалғасын табатынын айтты.

- Елбасы биыл әр тұрғын бір тал ағаш отырғызсын деген ұран тастаған болатын, - деді Ермат Байғұрманов. – Оған қоса, өңір басшысы Болат Бақауов осы жылды облыстағы экология жылы деп жариялады. Бүгінгі шараны осы бастамаларды қолдау мақсатында атқарып жатырмыз. «Сағып» шаруа қожалығы қымыз бен құрт шығаруға көп үлес қосуда. Өнімдерін Астана мен Алматының әуежайында шетелдік қонақтар өз елдеріне алып кетуде. Әрі орналасқан орыны қаланың шеті болған соң, көріктендіруге сұранып тұрған жер. Сондықтан осы орыннан бастауды жөн көрдік. Сондай-ақ партиямыздың өкілі Руслан Ауышев өз шаруашылықтарының маңында 39 мың тал екті. Енді 60 мың түп егіп, 100 мыңға жеткізуді көздеп отыр. Ағымдағы жылы біз де 40-50 мың тал отырғызуды жоспарлаудамыз.

Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Александр Рюмкин қала шетінің көгалдануына көп көңіл бөлу керек деп санайды.

- Бүгін партия өкілдері ұйымдасқан түрде жиналып, осындай игі шара жасауға бел байладық, - деді Александр Рюмкин. – Әрқайсымыз тал егетін болсақ, болашақта үлкен саябаққа айналар еді. Бұрын мұнда өндірістік қалдықтардың орыны болған. Соны қазір тазартып жатыр. Бұл жерді көгалдандыруға осы аумақта орналасқан әр мекеме атсалысуы керек. Аянбай еңбектенсе, бірнеше жылдан кейін көрікті жерге айналады. Қаланың ортасы әдемі. Сыртына да көңіл бөлу керекпіз.

Айта кетейік, қаланың өндірістік аумағында өтіп жатқан шараға «Ауыл» патиясының өкілдері мен қоғамдық кеңестің, ардагерлер ұйымының, қоғамдық бірлестіктердің мүшелері қатысуда.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар 80 жыл, қоғам