Бұл туралы Baq.kz тілшісі хабарлайды.

«Қолданыстағы заңнама мемлекеттік сатып алуға қатысты өнім берушілердің конкурсында жеңу үшін бағаны негізсіз төмендетуге мүмкіндік береді, сондықтан да бұл өз кезегінде сатып алатын тауарлардың көрсетілетін қызметтеріне атқарылатын жұмыстардың жалпы сапасына кері әсерін тигізеді. Сол себепті осы норманы жетілдіруді ұсынып отырмыз», - деді Сабильянов.

Ол екінші мәселе әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптарында болып отырғанын атап өтті.

«Қазір лицензиясы бар әлеуетті өнім беруші өз біліктілігін растайтын құжаттарды ғана тапсыратыны жасырын емес. Бүгінгі күні көптеген компаниялар дайын лицензиясымен сату жағдайында да кездесетінін атап өту керек. Бұл ретте жұмыс тәжірибесі мен құжатпен растау, тиісті материалдық техникалық базаның және де басқа да ресурстардың болуы міндетті емес. Сондықтан да мемлекеттік сатып алуды жүргізу кезінде әлеуетті өнім берушіде құрылыс туралы лицензияның болуы онда қажетті материалдық және еңбек ресурстардың барына кепілдік бере алмайды», - деді ол.

Сабильяновтың айтуынша, мемлекеттік сатып алулар туралы заңнамада 53 негіз бойынша бір көзден сатып алу рәсімдерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«Бұл ретте көрсетілген тәсілмен сатып алудың көпшілігі өтпеген конкурстардың қорытындысы бойынша жүзеге асырылады. Мұны өңірден келген әріптестер біледі. Ол көбінесе өзіне жақын, білетін мердігерлеріне береді. Бұл да конкурстық рәсімдердің нәтижелерінде көп сұрақ туындатады. 2017 жылы өтпеген конкурстардың қорытындысы бойынша жұмыстарды бір көзден алу тәсілі мен сатып алу көлемі 1 трлн 75 млрд теңге болып отыр», - деді мәжілісмен.

Ол қосалқы мердігерлерді тарту мәселесін қарастыруды ұсынды.

«Бүгінгі күні барлық жұмыстың 66%-тен астамы қосалқы мердігер ұйымдарға берілетіні заңда көрсетілген. Олай болса әлеуетті өнім берушіні бас мердігер деп тану қаншалықты орынды? Бұл жағдайда бас мердігер орындалған жұмыстардың сапасына қаншалықты кепіл бере алады? Біз бүгін осы мәселелерді талқылап отырмыз», - деді ол.

pavlodarnews.kz

Тэги: