Бұл туралы жастар бастамаларын дамыту орталығының ақпараттық-техникалық бөлімінің басшысы Дархан Шуренов хабарлады.

- Интернет радио сәуір айында өз жұмысын бастайды. Қазірде Jastime.top сайты құрылуда. Алдағы уақытта қаламыздағы барлық жоғары оқу орындарында трансляция жүргізу ойымызда бар. Бұл интернет-радио арқылы павлодарлықтар жастар саясатына қатысты жаңалықтарды, пәтерді қалай тиімді алуды және қай жерде қандай байқау ұйымдастырылатынын, қалаға қандай жұлдыздардың келетінін біле алады. Бір сөзбен айтсақ, аталмыш жобаның негізгі бағыты - павлодарлық жастарды ақпараттандыру, - деді Д. Шуренов.

Дархан Шуреновтың айтуынша, болашақта интернет-радионы ұялы телефон арқылы тыңдау үшін Play market-те Jastime қосымшасы пайда болмақ. Желіде екі жүргізуші жұмыс жасап, әртүрлі жарыстарды ұйымдастырады. Радионың басым бөлігі қазақ тілінде жүргізіледі. Тыңдармандар әлемнің кез келген нүктесінен jastime.top сайтына кіріп, радионы тыңдай алады.

- Егер еңбегіміз нәтижелі болып жатса, өзіміздің әуе толқынымызды құруды жоспарлап отырмыз, - деп атап өтті бөлім басшысы.

Абзал Қабдраш

pavlodarnews.kz