Бүгін аппараттық жиында  өңір басшысы Қанат Бозымбаев осындай  тапсырма берді.

- Облыстық прокурордың бірінші орынбасарына Павлодарда болған апатты анықтауды және бұл іске жауапты тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке таруды тапсырамын, - деді Қ. Бозымбаев.

 Еске сала кетейік, Катаев-Суворов көшелерінің қиылысындағы  жылу магистралінде болған коммуналдық апат салдарынан 25 көпқабатты тұрғын үй, мектеп пен балабақша жылусыз қалған. Абырой болғанда, бұл келеңсіздік келесі күні сағат 23.50-де жойылды.

Өз кезегінде қала әкімі Болат Бақауов №10 жылу магистралінің зақымдануын жою жұмыстарының кеш аяқталуына экскаватордың үш жарым сағатқа кешігіп келуі және 15 минуттан соң істен шығуы себеп болғанын атап өтті.

- Жаңа техника екі сағаттан соң ғана жіберілді. Бұл ретте «Павлодар жылу желілері» серіктестігінде жылу тораптарындағы ақауларды жөндеуге арналған техника  көзінің жеткіліксіз екенін атап өткен жөн.  Ақау шыққан жылу магистралінің техникалық құжаттамасы апат болған орынға бір сағат өткен соң ғана түскен. Қазіргі таңда  техникалық  олқылықтарды анықтау бойынша қалалық әкімдіктің жанынан жергілікті атқарушы органдардың қызметкердерінің қатысуымен арнайы комиссия құрылды. 9-қаңтар күні таңертең орын алған оқиға туралы хабарды тікелей желіге қоңырау шалған тұрғындардан естідік.   «Павлодарэнергко» АҚ болса, кешкі сағат 19.00-де ғана  төтенше жағдай туралы хабарлады, - деді қала әкімі  Болат Бақауов.

Осы жағдайға байланысты «Павлодарэнерго» АҚ-ның бас директоры Олег Перфилов өздерінің жеке меншік иелігінде техника жоқ екенін алға тартып,  павлодарлықтардың алдында кешірім сұрады. Сондай-ақ ол апаттың орын алуына үш себеп болуы мүмкін екенін атап өтті. Бұл - жобалаушының қателігі, зауыттан жіберілген ақау немесе жабдықты монтаждау технологиясының бұзылуы. 

Ақбота Сейсенбаева

 

 

pavlodarnews.kz