Мерекелік ойын-сауықтар әдеттегідей қаланың орталық алаңында ғана емес, облыс орталығының шағын аудандарындағы 12 ойын алаңдарында өткізілді.

Дәстүр бойынша негізгі іс-шаралар өтетін Орталық алаңда бір мың тонна бауырсақ пен төрт жүз килограмм палау әзірленді.

Киіз үйлер тігілген 6 ауыл: «Бейбітшілік», «Келісім», «Береке», «Ынтымақ», «Тұрақтылық», «Бірлік» және «Достық» орналасты.

Қазақстан Суретшілер одағы ұйымдастырған суреттер экспозициясы мен самаурындар көрмесі өткізілді. 


Орталық алаңдағы бас сахнада көрермендер үшін «Ұлы дала елінің Ұлыс күні» атты театрландырылған қойылым көрсетілді. Қойылым соңындағы концерттік бағдарламаға Қазақстан эстрадасының жұлдыздары Жанар Доғалова, Меруерт Түсіпбаева, Маржан Арапбаева, Ардақ Әлекешев, Серік Ибрагимов және «Лүпіл» дуэті қатысып, ән шырқады.

Сондай-ақ бүгін Павлодар облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының әр түрлі ұлт бірлестіктері де Ұлыстың мейрамын атап өтті.

«Қоғамдық келісім» сарайының алдында төрт киіз бой көтеріп, қала тұрғыданры мен қонақтарынаа тегін дастархан жайылды. Қазақ аллеясында Наурыз көже, бауырсақ құрттан басқа өзбек, қырғыз, ұйғыр, тәжік палауы пісірілді.

- Бүгін Павлодар облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының 24 бірлестігі өз ұлтының ұлттық тағамдарын әзірледі. Достық дастарханы жайылып, аллеяда түрлі тамақтар әзірленуде. Күн мен түн теңелген мейрам барша павлодарлықтарға шаттық пен қуаныш әкелсін, - деді Павлодар облыстық ҚХА төрағасының орынбасары Сейсенбай Жетпісбаев.

Аталмыш іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Абзал Қабдраш
Суреттерді түсірген - автор

 

pavlodarnews.kz