Ақсу қаласы мерекені концертпен қарысы алды

Ақсу қаласы мерекені концертпен қарысы алды
Фото: автор

Мерекеде еліміздің белгілі ансамбль топ Дос-Мұқасан мен әншілер Мирас Жүгінісов, Ділназ Ахмадиева өнер көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Қала күні мен Металлургтер күніне орай Ақсуда бірқатар мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Мереке аясында орталық алаңда ұлттық ойындар, жәрмеңкелер, концерттер мен марапаттау рәсімдері өтті. Тұрғындар асық ату, қол күрес пен пазл құрастыру секілді белсенділіктерге қатысып, көңілді күн өткізді. Қала тұрғындары бұл күнді ерекше ықыласпен атап өтті.

– Жасым қырықтан асты, жөндеу-құрылыс цехында инженер болып жұмыс істеймін. Бұл  біздің қала мен металлургтердің төл мерекесі. Ақсудағы тұрғындардың жартысынан астамы зауытта еңбек етеді. Бүгінгі шара өте керемет өтті. Барша қалаға бақыт, денсаулық, махаббат, шаттық пен бейбіт өмір тілеймін, – деді қала тұрғыны Айгерім Шәріпова.

Мереке барысында жергілікті қолөнер шеберлерінің туындылары да жұрт назарына ұсынылды. Шебер Ирина Абитоцкая «Ангелы не спят...» атты ерекше жұмысымен Мәскеудегі онлайн көрмеге қатысып, диплом алған. Оның айтуынша, бұл туынды – ішкі толғаныстың бейнесі.

– Бұл – менің жан дүниемнің көрінісі. Зауыттан шықтым, қазір еш жерде жұмыс істемеймін, кәсіби астрологпын. Шығармашылық мен үшін – өмірдің мәні, – дейді шебер.

Салтанатты рәсімде Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қала жұртшылығын мерекемен құттықтап, Ақсудың табысы мен дамуы тұрғындардың еңбегімен тығыз байланысты екенін атап өтті.

– Қала жас болғанымен, Ақсу халқының табанды еңбегі мен ауызбіршілігінің арқасында бұл шаһар болашағына сеніммен қарайды. Жақында болған табиғи апаттың салдарын бірге еңсеріп, бірлік пен өзара көмектің үлгісін көрсеттіңіздер. Бұл – Ақсудың күші – оның адамында екенін тағы бір мәрте дәлелдеді, – деді өңір басшысы.

Мереке аясында металлургия саласы мен қала дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік марапаттарға ие болды.

«Еңбек Даңқы» III дәрежелі орденімен – қара металл өндірісінің бақылаушысы, АЗФ «Қазхром» ТҰК» АҚ қызметкері Лариса Архипова, «Ерен еңбегі үшін» медалімен – ферроқорытпа балқытушысы Қуаныш Сатыбалдинов марапатталды.

Сондай-ақ бірқатар ақсулықтар «Облыс алдындағы еңбегі үшін» төсбелгісіне және Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамоталарына ие болды. 

Кештің соңын Қазақстан эстрадасының танымал әншілері түйіндеді. Ақсу сахнасында елге белгілі «Дос-Мұқасан» тобы, Дильназ Ахмадиева және Мирас Жүгінісов өнер көрсетті.