Қазақстанда «Қазақтелекомға» монополиялық баға белгілегені үшін тергеу басталды

Қазақстанда «Қазақтелекомға» монополиялық баға белгілегені үшін тергеу басталды
Фото: freepik.com / vectorjuice

Сымды интернет нарығында бәсекелестіктің шектелгені анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) бәсекелестік деңгейін айқындау және тауар нарығына қолжетімділікті арттыру үшін сымды (тіркелген) интернет қызметтері нарығындағы жағдайға жоспарлы талдау жүргізіп, оны аяқтады.

Агенттіктің мәліметінше, қазіргі таңда сымды интернет нарығы жоғары деңгейде шоғырланған, ал жиынтық үстем жағдайға «Қазақтелеком» АҚ және «Кар-Тел» ЖШС (Beeline) ие.

Талдау барысында Агенттік бөгде байланыс операторларының көппәтерлі тұрғын үйлерге кіруін, сондай-ақ кабельдік кәріз желілеріне қосылудың техникалық шарттары туралы ақпарат алуын қиындататын кедергілерді анықтады.

Аталған кедергілер жойылған жағдайда, тұтынушылар интернет қызметтерін ұсынатын баламалы операторды өз бетінше таңдай алады және кабельдік кәріз иелерінен техникалық ақпаратты өтеусіз негізде алу мүмкіндігіне ие болады.

Сондай-ақ, анықталған кедергілерді жою жөніндегі ұсыныстар уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданды.

Бұдан бөлек, талдау аясында байланыс операторлары ұсынатын интернет қызметтерінің бағасына қатысты деректер де зерттелді. Нәтижесінде «Қазақтелеком» АҚ тарапынан тауарға монополиялық жоғары баға белгілеу белгілері анықталды. Осыған байланысты Агенттік бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзушылықтар бойынша тергеп-тексеру рәсімін бастады.