Астанада көшпенділер мұрасына арналған көрме ашылды
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында «Көшпенділер рухы: шексіз көкжиектер» атты фотосуреттер мен арт-жұмыстардың көрмесі салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, көрменің ашылу рәсіміне «Kazakh Tourism ҰК» АҚ» басқарма төрағасы Қайрат Садуақасов, Ұлыбритания елшісі Кэти Лич, Қатар елшісі Абдулла Хусейн Джабер, Үндістан елшісі Нагендра Прасад, Канада дипломатиялық миссия басшысының орынбасары Дэвид МакКиннон, Оман дипломатиялық миссия басшысының орынбасары Талал Әл Якуби, Қырғызстан елшілігінің үшінші хатшысы Эрнис Абдирашитов, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен туристік сала мамандары қатысты.
«Көшпенділер рухы: шексіз көкжиектер» көрмесі көшпенділер мәдениетінің әлеміне терең үңілуге мүмкіндік береді. Келушілер Қазақстанның танымал фотографтары Анзор Гасаев пен Александр Кузнецов, ұлыбританиялық шебер Коннор МакНил (TheFella), мажарстандық режиссер Карачонь Шандордың ерекше туындыларын тамашалай алады. Бұл суретшілер көшпенділер өмірінің сирек кездесетін және қызықты сәттерін, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен алынған таңғажайып пейзаждарды алғаш рет көрермен назарына ұсынып отыр.
Көрме бірнеше тақырыптық аймаққа бөлінген, олардың әрқайсысы көшпенділердің өмірінің әртүрлі аспектілерін және олардың табиғатпен терең байланысын ашады.