Қазақстанда 25 қыркүйек жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды

Қазақстанда 25 қыркүйек жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды
Фото: pexels.com / Top5Way Agency

Маңғыстаудағы әскери оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы жағдай болды.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскери қызметшілер Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындаған. Сол уақытта ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген.

Алдын ала мәлімет бойынша, 19 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Олардың тоғызы қаза тапты. Үш әскери қызметші құтқарылып, біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалған әскери қызметшілерді іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

– Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары дереу жіберілді. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштерінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылды, – деп хабарлады Қорғаныс министрлігінен.

Оқиғаның мән-жайын анықтап, іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов бастаған комиссия Маңғыстау облысына аттанды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Мемлекет басшысы Үкіметтік комиссияға оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті шаралар қабылдап, қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетуді тапсырды.

Премьер-министрдің өкімімен әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеретін Үкіметтік комиссия құрылды. Оның құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор мен Шекара қызметінің өкілдері кірді. 

Комиссияны Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады. Ол Олжас Бектеновтің тапсырмасымен оқиға орнына шұғыл барып, қайғылы жағдайдың себептерін жан-жақты тергеп-тексеруді және қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетуді ұйымдастыруы тиіс. 

Осы қайғылы оқиғаға байланысты Мемлекет басшысының өкімімен 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Қорғаныс министрлігі іздестіру жұмыстарының барысы мен әскери қызметшілер туралы қосымша мәліметтер ақпарат расталған сайын жарияланатынын мәлімдеді.