Павлодарда 200 теңгеге екі ғасыр бұрынғы Павлодарға саяхат жасауға болады
Ашық аспан астындағы музей Ертіс бойындағы халық тұрмысымен таныстырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аз ғана ақыға мұнда уақытқа саяхат жасап, бұрынғы дәуірде павлодарлықтардың қалай өмір сүргенін білуге болады. Ашық аспан астында қаланың тарихы, оның қалыптасуы мен тұрғындардың күнделікті тұрмысын баяндайтын 100-ден астам экспонат жинақталған.

Экскурсия тұз өндіру ісі туралы әңгімеден басталады, дәл осы уақыттан бері Павлодардың тарихы өрбиді.
– Уақыт өте келе қала кеңейіп, дамыды. Тұзды Усолкаға дейін тасымалдаған құралдар сақталған. Өзен атауы да «тұз» сөзінен шыққанны белгілі. Қазіргі Естай көшесіндегі қалалық бақ аумағында 1838 жылы салынған Флора мен Лаврдың ағаш шіркеуі болған. Одан тек түпнұсқа қоршау ғана сақталған. Сондай-ақ ғылыми экспедициялар кезінде табылған тас қол диірмендер де бар, – дейді экскурсия жетекшілері.
Бұл – облыс орталығы тарихымен байланысты экспонаттардың аз ғана бөлігі. Музейдің дәл ортасында ескі су айдау сорғысы орналасқан. Ол кезде қаладағы ғимараттар ағаштан тұрғызылғандықтан, өрттен қорғауда маңызды рөл атқарған.

Жәдігерлердің көбін павлодарлықтар өздері тапсырған. Олардың қатарында ескі қақпалар, қоршау элементтері, жұмыс істейтін флюгер және адмиралтейлік зәкір де бар. Ол өзен флотында пайдалануға жараса да, музейде жәдігер ретінде сақталған.

Келушілердің ерекше назарын көпес Фаттах Рамазановтың қоймасы аударады, ғимарат музейдің негізгі экспонаттарының бірі. Ол XIX ғасырдың соңында сауда және қайырымдылықпен айналысқан белгілі павлодарлық болған.

– Ішінде көпестің аты-жөнінің әріптері мен қабырға суреттері сақталған. Мұнда сол кезеңдегі адамдардың өмірін көрсететін экспозиция бар. Қоймада астық пен түрлі азық-түлік сақталған. Келушілер май айыратын құрылғы, павлодарлықтардың 200 жыл бұрынғы тұрмыстық заттары, дән өңдейтін құралдар, тері илеу орны мен тоқыма станогын көре алады. Сонымен қатар, ерекше экспонат – геологиялық төсек бар. Оны ғалымдар экспедиция кезінде қолданған, – дейді мамандар.

Қойманың жанында ескі ағаш үйлерді әшекейлеген оймышталған терезе жақтаулары қойылған. Олар терезені жауын-шашыннан қорғап қана қоймай, үйдің сәнін келтірген.

Ағаш ғимараттың басқа бөлігінде XIX ғасырдағы қарапайым отбасының тұрмысы қайта жасалған.
– Мұнда ағаш бесік, кереует, үтік түрлері, қыш құмыра, иінағаш сияқты заттар қойылған. Сонымен қатар, «жлухта» деп аталатын құрылғы бар. Бұл – тесіктері бар ағаш құрылғы, әйелдер оны өзенде кір жуу кезінде пайдаланып, киімді ағыспен алып кетпеу үшін қолданған. Ал аулада әр үйде болған құдық-көтергішті көруге болады, – дейді мамандар.
Музейде кейінгі кезеңге қатысты экспонаттар да бар. Ол – павлодарлық кәсіпорындардың бірінде қолданылған алғашқы компьютерлердің бірі. Сонымен қатар, тың игеру мен өнеркәсіптің дамуына арналған бөлім бар. Мұнда алғашқы жер аударушылар қолданған бір және екі соқалы соқалар қойылған.

Тағы бір ірі экспонат «Ертіс – Қарағанды» арнасының құрылысына байланысты. Бұл – ЭШ-4/40 экскаваторының шөміші. 1963 жылы дәл осы шөмішпен каналдың насос станциясы қазылған алғашқы топырақ алынған.
Музейдегі ең көне экспонаттар Баянауылдан табылған тас мүсіндер болып саналады.
– Біздің ата-бабаларымыз мұндай тас мүсіндер адамдарды қорғайды және далада бағдар табуға көмектеседі деп сенген. Мұнда ер және әйел мүсіндері қойылған. Ежелгі тастар біздің коллекциядағы ең көне жәдігерлердің қатарында, – дейді экскурссия жүргізушілері.
Ашық аспан астындағы музей жаз-күз маусымында жұмыс істейді. Билет құны – балаларға 100 теңге, ересектерге 200 теңге. Осы бағаға келушілер тек көне заттарды көріп қана қоймай, Павлодардың қазіргі көшелер, көліктер мен көпқабатты үйлер пайда болмай тұрған кезеңдегі тарихына үңіле алады.