Павлодарда асық атудан ел біріншілігі мәресіне жетті

Павлодарда асық атудан ел біріншілігі мәресіне жетті
Суретті түсірген: Есенжол Исабек

Ересектер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатында 200-ге жуық спортшы бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бірнеше күнге созылған жарыста қатысушылар асық атудың дәстүрлі жекелей және блиц түрлері бойынша мықтыны анықтады. Еліміздің әр өңірінен жиналған спортшылар үздік атану үшін өзара мергендіктерін паш етті.

Ерлер арасында дәстүрлі жекелей сында Павлодар облысының намысын қорғаған Жомарт Нұрланов топ жарды. Екінші орынды Ақмола облысының өкілі Еркебай Сәрсеков иеленсе, үшінші орын Ақтөбе облысынан келген Ғарышбек Құлыбекке бұйырды.

Ал блиц түрінен Ұлытау облысының спортшысы Батырбай Сарсекеев жеңімпаз атанды. Күміс жүлдені Шымкент қаласының өкілі Нұрқисса Молжігітов иеленсе, қола жүлде тағы бір Ұлытау облысының спортшысы Саят Жаркеновке бұйырды.

Әйелдер арасындағы бәсекеде Астана қаласының спортшылары үздік нәтиже көрсетті. Айжан Серикова бірінші орынды иеленсе, Камилла Даниярова күміс жүлдеге қол жеткізді. Үшінші орын Перизат Елемеске бұйырды.

Павлодар облысының спортшылары да жүлдегерлер қатарына ене алмады. Қорытынды ұпай бойынша Құндыз Қойшиева 10-орынға тұрақтаса, Гүлжазира Алпысбай 11-орынды иеленді.

Еске сала кетейік, Қазақстан чемпионаты Ертіс-Баян өңірінде алғаш рет ұйымдастырылды. Жарыс қорытындысы бойынша үздік спортшылар ұлттық құрама сапына іріктеліп, әлем чемпионатында ел намысын қорғауға мүмкіндік алады.