Павлодарда ең кішкентай чемпиондар жарыс жолына шықты
Baby Start сайысында сәбилер ғана емес, олардың ата-аналары да ептілік пен шапшаңдықтарын сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Отбасы күніне орай Павлодарда сәбилер арасында «Baby Start 2026» облыстық чемпионаты өтті. Оған алты айдан бір жарым жасқа дейінгі балалары бар жас отбасылар қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл чемпионатқа Павлодар облысының әр өңірінен 60-тан астам отбасы өтінім берген.

Сайыс үш кезеңнен тұрды. Алдымен жарыс жолына кішкентай қатысушылар шықты. «Алға, Baby!» кезеңінде сәбилерге 7-10 метр қашықтықты еңбектеп өту керек болды. Мәреде тұрған ата-аналар балаларын ойыншықтармен, сылдырмақтармен және жылы сөздерімен ынталандырды. Кейбірі телефон көрсетіп қызықтырды.
Келесі кезеңде кезек ата-аналарға келді. «Бірлік күші» сайысында әкелер сәбиге бір реттік жөргекті жылдам кигізді. Одан кейін аналар бес допты себетке түсіруге тырысты.
«Отау Start» отбасылық эстафетасында ата-аналардың өздері сынға түсті. Анасы допты аяқтарының арасына қысып, төрттағандап белгіленген қашықтықты өтті. Кейін кезекті әкесіне берді.
– Бүгінгі шарадағы ең маңыздысы – жеңіс емес, баланың қуанышы және отбасы мүшелерінің бірге өткізген әрбір сәті. Балаға берілген мейірім, тәрбие мен қолдау – оның болашағына жасалған ең маңызды инвестиция, – деді Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Раисова.

Сайысқа алғаш рет қатысқандардың арасында павлодарлық Рысқұловтар отбасы да болды. Айнұр мен Тұрар он айлық Айкөркемді жарысқа арнайы дайындамаған.
Айкөркем үйде әкесіне жақын екен. Сондықтан отбасы жарыс кезінде бүлдіршін бірінші болып әкесіне қарай еңбектейді деп болжаған.
– Аздап қобалжу бар. Атмосфера өте жақсы. Айкөркемге ұнайды деп үміттенеміз, – деді ата-анасы.
Олар қызының болашақта тәрбиелі азаматша болып өсуін тілейді.
Ал Абденбаевтар отбасы жарысқа Аққулы ауданының Мерғалым ауылынан арнайы келді. Жүзім мен Мақсат үшін кішкентай Асылым – көптен күткен үшінші перзент. Қыз бала екі үлкен баласынан кейін 16 жылдан соң дүниеге келген.
– Үшінші баламызды 16 жылдан кейін көрдік. Үлкен екі баламыз қазір Павлодарда оқиды. Кішкентай қызымыздың болашағы жарқын болып, алға қойған арман-мақсаттары орындалсын деп тілейміз, – деді отбасы.
Кішкентай қатысушылар үшін қажетті жағдайлар да қарастырылды. Іс-шара кезінде медицина қызметкерлері кезекшілік етті. Сәбилерді тамақтандыру үшін ата-аналарға жеке бөлме берілді.

Чемпионат «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды. Ата-аналарға балалардың тұрмыстағы қауіпсіздігі түсіндіріліп, терезеден құлаудың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды.
Павлодар қаласы полиция басқармасы Солтүстік полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Бахтияр Құрманғалиев ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға шақырды.
– Әр ата-ананың міндеті – баласын қадағалау. Қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп, өзіміз дұрыс үлгі көрсетуіміз керек, – деді полиция аға лейтенанты.
Әр отбасыға демеушілердің сыйлықтарымен бірге терезеге арналған арнайы блокиратор табысталды.

Жарыс қорытындысында Сафиндер отбасы бірінші орын, Сержановтар отбасы екінші орын, Мясоедовтар отбасы үшінші орын иеленді.
Жеңімпаздарға тұрмыстық техника табысталды. Бірінші орынға тік шаңсорғыш, екінші орынға киім булағыш, үшінші орынға электр еттартқыш берілді. Барлық қатысушылар сертификаттар мен демеушілердің сыйлықтарына ие болды.
Фотосуретті Жастар бастамаларын дамыту орталығының баспасөз қызметі ұсынды