Павлодарлық ұстаз-ардагер: Атадан қалған асар дәстүрі бүгін де жалғасып келеді

Павлодарлық ұстаз-ардагер: Атадан қалған асар дәстүрі бүгін де жалғасып келеді
Фото: жасанды интеллект

Асар – қазақ халқының өзара көмек пен ауызбіршілікті дәріптейтін көне дәстүрлерінің бірі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ертеде ауыл болып бір үйдің құрылысын аяқтауға көмектескен жұрт бүгінде қиын жағдайға тап болған отбасыларға қол ұшын созып, қайырымдылық пен еріктілік арқылы осы дәстүрді жалғастырып келеді.

Қазақ қоғамында асардың орны ерекше болған. Бір адамға ауыр тиген істі көп болып жұмылып атқару – ел ішіндегі татулықтың, бауырмалдықтың және мейірімділіктің белгісі саналған. Асарға келген жұрт еңбегі үшін ақы сұрамаған. Керісінше, қолынан келгенше көмектесіп, ортақ іске үлес қосқан.

45 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз-ардагер, «Нұр Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің белсендісі Қайырлы Жақсыбаева асар дәстүрін бала кезінен ата-әжесінен көріп өскенін айтады. Оның естелігінше, ауылдағы ағайын бір-біріне өте жақын болып, қуанышта да, қиындықта да бірге жүрген.

– Мен өзім ата-әжемнің қолында өстім. Ол кезде ауыл адамдары бір-біріне өте жақын, тату-тәтті араласатын. Бір үйге қандай да бір қиындық түссе немесе үлкен жұмыс басталса, ауыл болып көмектесетін, – дейді ол.

Оның айтуынша, әсіресе жаңа шаңырақ көтерген жастарға үй салу кезінде асар жасау кең тараған. Бір үйдің қабырғасы қаланатын болса, ауыл тұрғындары жиналып, кірпіш қалап, құрылыс жұмыстарына қолғабыс еткен. Бұл іске ешкім ақы күтпей келген.

– Асар деген – барлық ауыл болып жабылып, ешқандай ақысыз көмек көрсету. Кімнің қолынан не келеді, соны істейді. Үйді бастаған адамдар да келген кісілерге тамақтарын дайындап, шайларын қойып, күтіп отырған. Ең бастысы – ешкім «маған қанша төлейсің?» деп сұрамайтын, – дейді Қайырлы Жақсыбаева. 

Асар тек құрылыс жұмыстарымен шектелмеген. Қысқа дайындық кезінде де ауыл адамдары бір-біріне көмектесіп, ортақ іске жұмылған. Әйелдер де өзара қолдау көрсетіп, қажетті жұмыстарды бірге атқарған.

Бұл дәстүрдің тағы бір ерекшелігі – қуанышты да бірге бөлісу. Мәселен, бір үйде құдалық немесе той болатын кезде көрші-қолаң үй иелеріне көмектесіп, қазан көтеріп, бауырсақ пісіріп, дастархан әзірлеген. Осылайша үлкен шараның ауыртпалығын бір отбасы ғана емес, бүкіл ауыл көтерген.

Ардагердің айтуынша, асардың басты құндылығы – адамдарды «сенікі мен менікі» демей, бір мақсатқа жұмылдыра білуінде.

Бүгінде заман өзгеріп, қоғамдағы қарым-қатынас түрлері де жаңарды. Дегенмен, асардың мазмұны жоғалған жоқ. Оның көріністерін еріктілік қозғалыстарынан, қайырымдылық шараларынан және қиын жағдайға тап болған жандарға көрсетілетін көпшілік көмектен байқауға болады.

– Қазір қалада тұрамыз. Бірақ ауылдарға барғанда әлі де асарды көріп қаламыз. Бір үйде құрылыс басталса, «ана үйге барып көмектесейік, асар жасап жатыр» деп жұрт жұмылады. Қазір үлкен қалалардың өзінде мешіт салуға кәсіпкерлер мен көпшілік қаржы жинап, көмектесіп жатады. Меніңше, бұл да асардың бір түрі, – деп атап өтті.

Сондай-ақ, табиғи апаттар кезінде елдің бір үйдің баласындай жұмылып, зардап шеккендерге көмек көрсетуі де осы дәстүрдің қазіргі қоғамдағы жалғасы деуге болады. Үйі өртенген отбасыға қолдау көрсету, су тасқынынан зардап шеккендерге қажетті заттар мен қаржы жинау – көпшілік көмегінің заманауи үлгісі.

Қайырлы Жақсыбаева асарды қазақ халқының мейірімділігі мен ұйымшылдығын арттыратын дәстүр ретінде бағалайды.

– Қандай қиындық болса да бірге көріп, жақсылықты да, қуанышты да бірге бөліскен. Бұл – қазақ халқының бір-біріне деген мейірімділігін арттыратын дәстүр. Салт-дәстүрімізді әрі қарай жалғастырып, бір-бірімізге қол ұшын беру – асардың мәні, – дейді ұстаз-ардагер.

Уақыт өзгергенімен, асардың өзегі – бір-біріне ақысыз көмек көрсету, қиындықты бірге еңсеру, қуанышты бірге бөлісу – қоғам үшін маңызын жоғалтқан жоқ. Бүгінде оның атауы мен жүзеге асу формасы өзгергенімен, адамдарды бірлікке шақыратын рухы жалғасып келеді.