Павлодарлық ана қазақ халқында «Бауы берік болсын» деп не үшін айтатынын түсіндірді

Павлодарлық ана қазақ халқында «Бауы берік болсын» деп не үшін айтатынын түсіндірді
Фото: жасанды интеллект

Бұл тілек - сәбиге ғана емес, сонымен қатар отбасы мүшелерінің амандығы үшін айтылған сөз, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақ мәдениетінде әрбір сөздің өзіндік құдіреті бар. Солардың ішінде әлі күнге дейін тұрмыста қолданылып жүрген, терең мағынасы бар ыстық тілектердің бірі – «Бауы берік болсын». Бұл - сөз жаңа туған сәбидің ата-анасына айтылып, дүниеге келген нәрестеге арналған ең алғашқы бата-тілектің бірі.

— Негізінен бұл бата-тілек баланың кіндігі бекем болсын дегенді білдіреді. Қазақ ұғымында баланың кіндігі – өмір мен денсаулықтың белгісі. Егер кіндігі берік болса, бала мықты, дені сау болады деп ырымдаған, – деп пайымдады «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің қолөнер шебері, дәстүрлерді насихаттаушы Ғалия Сұңғатова.

Негізінен бұл сөздің толық нұсқасы: «бесік бауы берік болсын». Тарихи деректер бойынша сөздің шығу тегі «бесікке бөлеу» дәстүрімен тығыз байланысты. Толық нұсқа әдебиетте де, көрші тілдерде де жиі кездеседі. 

Сөз тіркесті бөліп, әрбір сөзін бөлек зерттейтін болсақ, бата-тілектің отбасы құндылықтарымен тығыз байланысты екенін де аңғаруға болады. 

– Сонымен қатар, екінші жақтан бауды жіп ретінде қарастырады, онда бұл ұрпақтар арасындағы сабақтастық жалғаса берсін, отбасы мүшелерімен байланысы бекем болсын дегенді де білдіреді, — деді Ғалия Сұңғатова.

Ғалия апаның сөзінше, бүгінгі күні кейбір жас ата-аналар оны жай дәстүрлі сөз ретінде қабылдайды. Дегенмен үлкендер бұл сөзді айтқанда, тек қайталамайды – ұрпаққа деген жүрекжарды тілегін білдіреді. 

— Қазіргі жастар тіркестің тарихына аса қатты зер салмайды. Бір-бірінен естіп жүргендіктен, айтып жүр. Олар сөздің жақсы мағына беретінін іштей ғана сезеді, – деді дәстүрлерді насихаттаушы.

Ғалия Сұңғатованың пайымдауынша, мұндай сөздердің тұрмыста әлі де қолданылуы - ұлттық болмысымызды сақтап жүргендігіміздің дәлелі. Жастар арасында мұны насихаттау үлкен буын өкілдерінің қолында.

Халқымыздың мұндай баталары – жақсы сөздің, ізгі тілектің құдіретін көрсетеді. Өйткені әрбір жылы айтылған сөз – рухани күш, әрбір бата – ұрпаққа бағытталған аманат. Демек, жақсы сөз айту, ізгі тілек білдіру – отбасының да, ұлттың да берекесін арттыратын дәстүр.