Павлодарда қысқы шомылуды ұнататындар бас қосты
Ертіс жағасына суық суға түсіп, шынығуды әдетке айналдырған ондаған адам жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қысқы шомылуды ұнататындар үшін мұнда қауіпсіз ағаш жолдар мен киім ауыстыратын орындары бар арнайы жағажай жабдықталған. Суық сумен шынығу күнін атап өтуге келген павлодарлықтардың әрқайсысы үшін қыс мезгілінде Ертіске түсу үйреншікті әдетке айналған.


Таңертең қатысушыларды әуезді музыка, шағын дене жаттығулары және көптен күткен суға түсу сәті күтіп тұрды. Олардың арасында Антон Зайцев те болды. Ол бірнеше жылдан бері жүзумен айналысады. Қапшағайда өткен Oceanman ұзақ қашықтыққа жүзу және Қазақстандағы басқа да жарыстарға қатысқан. Ал қысқы шомылу жүзу мен велоспорттан кейінгі жаңа әуестігіне айналған.
– Суық суға түсіп жүргеніме екінші ай болды. Мұндай кезде ағзаның жылыну үдерісі белсенді жүретінін біліп, қызығушылығым артты. Қазір аптасына үш-төрт рет суға түсуге тырысамын. Мен үшін бұл – өзіме түсіретін бақыланатын салмақ. Одан кейін күні бойы сергек жүресің. Бүгін қанша павлодарлықтың осы іспен айналысатынын көру қызық болды. Сөйтсем, өте көп екен. Бұл мен үшін денсаулық пен өзара қолдауға толы күтпеген мереке болды, – дейді Антон Зайцев.


Павлодарға Ақсудан да қысқы шомылуды ұнататындар келді. 44 жастағы Руслан Сыздықов өзін күлімсіреп «керемет жігіт» деп атайды. Өйткені ол мұздай суға түсіп, шынығуды әдетке айналдырған. Күнделікті өмірде былғары шебері болып жұмыс істейтін Руслан үшін Ертіске шомылу жаңа әсер мен шабыт сыйлайды.
– Мен табиғатымнан мақсатшыл адаммын. Ақсуда осындай қозғалыс пайда болғанын көргенде, өзіме сынақ қойдым. Қолымнан келе ме деп ойладым. Алғашында суға түскенде жайсыздық сезініп, қорықтым. Жолдастарымнан кеңес алдым. Кейін шынығудың пайдасын сезіндім. Содан бері дене қызуым көтеріліп немесе суық тиіп ауырған емеспін, – деді ол.
Бүгінгі басқосу қысқы шомылуды әдетке айналдырған аға буын өкілдерін де біріктірді. 69 жастағы Мария Трутова суық суға әуестікпен, қызығушылықпен келе бастаған. Ертіс жағасында жарты ғасырдан бері тұратын павлодарлық қысқы шомылумен 27 жылдан бері айналысады.
– Бірде серуендеп жүріп, қыста да суға түсуге болатынын түсіндім. Содан бастап қысқы шомылуға қызыға бастадым. Ол кезде әлі зейнетке шықпаған едім, құрылыс материалдарын сынау зертханасында лаборант болып жұмыс істейтінмін. Дене шынықтырудан алыс болдым деуге болады, бірақ Ертіс әрдайым жанымда еді, – деп әңгімеледі Мария Трутова.
Суға шомылғаннан кейін қатысушыларды ыстық шай мен дәмді тағамдар күтті. Осылайша, мереке спорттық шара ғана емес, пікірлес жандардың басын қосқан жылы жүздесуге толы күнге айналды.
Павлодар дәрігерлері суық суға түсу ағзаға үлкен салмақ түсіретінін еске салады. Сондықтан мұндай шынығуды біртіндеп бастаған жөн.