Павлодардағы ежелгі мұра: «Қазқонақ» сақтау жұмыстары қолға алынбақ
Мұнда сан ғасырлық тарихтың ізі сақталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар маңында орналасқан «Қазқонақ» мемлекеттік табиғи ескерткіші – халықаралық ғылыми маңызы бар бірегей нысан. Мұнда ежелгі жануарлардың сүйек қалдықтары мен неоген дәуіріне тән табиғи шөгінді қабаттар сақталған. Қазір тарихи мұраны қорғау, аумақты қалпына келтіру және оның жағдайын жақсарту мәселелері қарастырылуда.
Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылыми қызметкері Мұрат Жасланның айтуынша, ескерткіштің басты құндылығы – неоген дәуірінде тіршілік еткен жануарлар дүниесінің іздері табиғи шөгінді қабаттарда сақталуында. Бұл ғалымдарға бірнеше миллион жыл бұрынғы қоршаған орта мен климаттық жағдайларды зерттеуге мүмкіндік береді.
– 1928 жылы белгілі палеонтолог Юрий Орлов Павлодар маңындағы Ертіс жағалауынан ежелгі жануарлардың сүйек қалдықтарын тапқан. Ал 1929-1930 жылдары жүргізілген қазба жұмыстары барысында мыңдаған сүйек анықталды. 1971 жылғы 7 желтоқсанда Қазақ КСР министрлер кеңесінің шешімімен аумақ мемлекеттік қорғауға алынды. Кейін оған республикалық маңызы бар табиғи ескерткіш мәртебесі берілді, – дейді маман.

Ғылыми деректерге сүйенсек, бұл жерден шамамен 4-7 миллион жыл бұрын тіршілік еткен жануарлардың қалдықтары табылған. Олардың қатарында үш тұяқты ежелгі жылқы – гиппарион, керіктер, мүйізтұмсықтылардың арғы тектері, бұғылар, қылыштісті жыртқыштар мен түрлі кеміргіштер бар. Әсіресе, гиппарион фаунасының мол кездесуі ескерткіштің халықаралық ғылыми маңызын айқындай түседі.
– Нысанның ерекшелігі – ежелгі жануарлар дүниесіне тиесілі сүйек қалдықтарының табиғи шөгінді қабаттарында сақталуында. Бұл аумақ Қазақстанның ғана емес, халықаралық ғылыми қауымдастықтың да назарын аударып отыр. Сондықтан оның бастапқы қалпын бұзбай, палеонтологиялық мұраны бүлінуден қорғау аса маңызды, – дейді Мұрат Жаслан.
Табиғи ескерткіштің жалпы аумағы екі гектарды құрайды. Ұзындығы – 400 метр, ені – 50 метр. Қазіргі уақытта мұнда бірқатар мәселе қордаланған. Соның бірі – көктемгі су тасқыны. Осы кезеңде Ертіс жағалауы шайылып, сүйек қалдықтары орналасқан геологиялық қабаттардың бүліну қаупі артады. Сонымен қатар, аумақтағы абаттандыру нысандары мен мүсіндер тозған, серуендеу жолдары да жөндеуді қажет етеді.
Экологиялық жағдайға келушілердің жауапсыз әрекеті де кері әсерін тигізіп отыр. Атап айтқанда, қоқыстың белгіленбеген жерлерге тасталуы, аумақты ластау, арнайы тәртіпті сақтамау табиғи мұраның сақталуына нұқсан келтіруі мүмкін. Сондай-ақ келушілердің ретсіз жүруі мен сүйек қалдықтарына рұқсатсыз қол тигізуі де ескерткіштің бүліну қаупін арттырады.

Алдағы уақытта аумақта ғылыми мониторинг жүргізу, жағалау сызығының жай-күйін зерттеу, палеонтологиялық қалдықтардың сақталуын қамтамасыз ету және санитарлық тазалық жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, қорғау режимін жетілдіріп, тарихи-ғылыми мұраны сақтауға бағытталған арнайы шаралар қабылдау көзделген.
Айта кетейік, жуырда «Қазқонақ» қазіргі жағдайы мен даму перспективаларына арналған кеңейтілген жиын өтті. Оған облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бәкір Демеуов, экология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Нұрғанатұлы, облыс әкімінің инвестициялар және бизнесті дамыту жөніндегі орынбасары Әйгерім Жаңбыртайқызы, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, ғылыми мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысы.
Жиында табиғи ескерткіштің экологиялық және санитарлық жай-күйі, палеонтологиялық мұраны сақтау, ғылыми зерттеулер жүргізу, жер-кадастрлық құжаттарды реттеу, қаржыландыру көздерін анықтау және туристік әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша жауапты мекемелерді белгілеп, жұмыстарды кезең-кезеңімен іске асыру және арнайы жол картасын әзірлеу ұсынылды. Бұдан бөлек, аумаққа ақпараттық тақталар орнату, экологиялық-танымдық туризмді дамыту және келушілер үшін қауіпсіз жағдай жасау мәселелері де назарға алынды.
Осылайша, нысанды сақтау тек аумақты тазалап, абаттандырумен шектелмейді. Бұл – миллиондаған жылдық тарихы бар палеонтологиялық мұраны қорғап, оның ғылыми құндылығын келер ұрпаққа аман жеткізуге бағытталған маңызды міндет.
Еске сала кетейік, бұған дейін өңірде бірегей палеонтологиялық мұра саналатын «Қазқонақ» тазалық жұмыстары жүргізілген болатын.