Павлодарлық коллекционер 120 жылдық тарихы бар соқаға екінші өмір сыйлады
Бір кездері жәдігерді егістік алқаптарында жер жыртуға пайдаланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар тұрғыны Александр Монастырскийдің жеке қорында 1904 жылы жасалған бір түренді соқа сақтаулы. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығында пайдаланылған бұл құрал үй музейіндегі алғашқы экспонаттардың бірі саналады.

Александрдың көне бұйымдарға қызығушылығы 30 жылдан астам уақыт бұрын басталған. Алғашқы жәдігерлерінің бірі – 1930-1950 жылдар аралығында жасалған ескі арба дөңгелегі. Уақыт өте келе жеке қоры ауыл шаруашылығында, тұрмыста және күнделікті тіршілікте қолданылған түрлі бұйымдармен толыққан.
1904 жылы жасалған бір түренді соқа да оның қолына кездейсоқ түскен. Павлодарлықтың айтуынша, ол бұл құралды бір автокөлік бөлшегіне айырбастап алған. Бастапқыда тот басып, әбден тозған бұйымды Александр өз қолымен тазалап, қалпына келтіріп, қайтадан жұмысқа жарамды күйге жеткізген.
– Мынау – бір түренді соқа. Соғыс кезінде әйелдер де, сиыр да, өгіз де тартқан. Бұған қайыс белдіктер бекіткен. Адам соқаны ұстап, жер жыртқан, – деді Александр Монастырский.

Жинақтағы заттардың басым бөлігі иесіне гараждар мен жертөлелерден, тот басқан немесе жарамсыз күйде жеткен. Ол әрқайсысын мұқият тазалап, бастапқы қалпына келтіруге тырысады. Бүгінде жеке қорында сирек кездесетін техника үлгілері, ыдыс-аяқ, кітаптар мен өзге де тарихи бұйымдар бар.
Қазір Александр Монастырскийдің үй музейі көпшілікке ашық емес. Дегенмен, ол ширек ғасырдан астам уақыт бойы жинаған қазынасын бір күні павлодарлықтарға таныстырып, көпшілік назарына ұсынуды армандайды.
