Павлодарлықтар мұздай суға түсу дәстүрінің тарихын іздеп жүр

Павлодарлықтар мұздай суға түсу дәстүрінің тарихын іздеп жүр
Иллюстрация: PN

Ертіс өңірінде суық суға түсіп, шынығу дәстүрінің 60 жылдық тарихы бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сол кезде бір топ павлодарлық Ертістің суына түсіп, шыныға бастаған. Бүгінде бұл дәстүрді ондаған қала тұрғыны жалғастырып келеді. 

Соңғы жылдары қыста Ертіс жағасында қатты аязға қарамастан мұздай суға түсетін адамдарды жиі кездестіруге болады. Олар – суық суға шомылушылар. Қазір клубта 70-тен астам адам бар. Бірақ осылай шыныққысы келетіндердің саны бұдан да көп. Әсіресе соңғы екі қыста бұл қызығушылық арта түскен.

Клуб жетекшісі Дана Әлиеваның айтуынша, қатысушылардың көптігі сонша, жаңа адамдарды қабылдау да оңай емес. Ағылшын тілінен сабақ беретін Дана биыл пікірлес адамдарымен бірге оныншы қысын қарсы алуға дайындалып жүр. 60 жастағы Дананың шынығуға келуіне де өзіндік себеп бар.

– Мен көп жыл бойы демікпеге байланысты дәрігердің есебінде тұрдым. Шыныға бастағаннан кейін емханаға соңғы рет қашан барғанымды да ұмытып кеттім. Бір күні осыны есіме түсіріп, дәрігерге қаралуға бардым. Сөйтсем, мені есептен шығарып тастаған екен. Менің оқиғам ерекше емес, бізде мұндай мысалдар көп. Кейбір адамдар қысқы шынығумен 40 жылдан бері айналысады. Олар үшін бұл өмір салтына, күнделікті әдетке айналған, – деді Дана Әлиева.

Алайда адамдар клубқа тек денсаулығын жақсарту үшін келмейді. Клуб жетекшісінің айтуынша, мұнда олар достық қарым-қатынас, қолдау және ерекше көңіл күй табады. Қатысушылардың өз дәстүрлері де бар. Ертіс жағасында кездескенде бір-бірін міндетті түрде құшақтап, күлімдеп амандасады, жаңалықтарымен бөліседі.

Клубтың өз ғимараты да бар. Мұнда киім ауыстыратын бөлмелер мен спорттық құрал-жабдықтар орналасқан. Ал суға түсіп шыққан соң бәрі бірге шай ішеді. Осы жерде жылынады, әңгімелеседі, уақытты жақсы ортада өткізеді.

Клуб мүшелері арасында жаңадан келгендерге қатысты да өз ережелері бар. Егер біреу клубқа жаңа танысын ертіп келсе, бір ай бойы соған жауапты болады. Оған ортаға үйренуге көмектеседі, қалай дұрыс шынығу керегін түсіндіреді, қысқы жүзу ережелерімен таныстырады. Алғашқы рет суға түскенде қауіпсіздігін де қадағалайды.

Павлодарлық Владимир Данилович те биыл қысқы шынығумен айналысқанына 10 жыл толатынын айтады. Бір күні жай ғана байқап көруге келген, содан бері тұрақты түрде қатысып жүр. Ер адам салауатты өмір салтын бұрыннан ұстанады, ал қысқы жүзу оның күнделікті әдетіне айналған.

– Маған ұнайды. Енді таңғы жаттығусыз немесе өзенге шомылмай күнімді елестете алмаймын. Ертіс – әр павлодарлықтың өмірінің бір бөлігі. Мен Усолкада шынығамын, ал мұнда достарыммен бірге суға түсу үшін келемін, – деді Владимир.

Клубтың алдында салауатты өмір салтын насихаттаудан бөлек тағы бір маңызды міндет тұр. Қысқы жүзумен айналысатындар жиналатын бөлмеде үлкен фотоальбом сақтаулы. Бір қарағанда, бұл жай ғана ескі суреттер салынған бума. Бірақ клуб мүшелері үшін ол үлкен тарихи ізденістің бастамасына айналды.

Альбом әлі толық толмаған. Онда Ертіске қыста түсуді алғаш бастаған адамдардың суреттері жиналған. Кейбір фотолар 1961–1980 жылдары түсірілген. Қазіргі клуб мүшелері суреттегі адамдарды іздеп, Павлодардағы шынығу мектебінің тарихын қалпына келтіргісі келеді.

– Біз мектебіміздің тарихын жазып, кезінде осы қозғалыстың бастауында болған адамдар туралы мәлімет жинағымыз келеді. Жақында Instagram парақшамызға ескі суреттерді жарияладық. Олардың кейбірі жарты ғасырға жуық уақыт бұрын түсірілген. Жазбаға екі отбасы үн қатты. Суреттерден өз аталарын таныған екен. Қазір іздестіру жұмыстарын белсенді жүргізіп жатырмыз. Кез келген көмекке қуаныштымыз, – деді Дана Әлиева.

Бәлкім, біреудің үйінде кезінде қыста Ертіске түсіп жүрген туыстарының сарғайған суреттері, хаттары немесе естеліктері әлі де сақтаулы шығар. Сол отбасылық жәдігерлер альбомның бос беттерін толтыруға көмектесуі мүмкін.

Фото: автор және клуб мұрағатынан