Павлодарлық желаяқ көктемді жарқын нәтижелермен аяқтады
Мамыр айы желаяқ үшін ең табысты кезеңдердің біріне айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бір айдың ішінде Арман Тұрсынов елдегі ірі жарыстарда жүлдегер атанып қана қоймай, жартылай марафондағы жеке рекордын жаңартты.
Алғашқы маңызды жарыс Астанада өткен BI Marathon болды. Он шақырымдық қашықтықта 18-29 жас санатындағы бәсекелестік өте жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар алғашқы метрлерден-ақ жоғары қарқын көрсетіп, жеңіс үшін күресті. Нәтижесінде спортшы өз жас санатында екінші орынға ие болып, абсолюттік есепте үздік бестікке енді.

Келесі маңызды сын — Өскемен қаласында өткен KAZ Minerals Half Marathon жарысы болды. Жартылай марафонда дұрыс тактика шешуші рөл атқарды. Garmin жоспарын қатаң сақтаған спортшы мәреге 1 сағат 14 минут 8 секунд нәтижесімен жетіп, жеке рекордын жаңартты. Бұл көрсеткіш оған 18–29 жас санатында бірінші орынды сыйлады.
- Мәреге жеткен сәтте барлық шаршау артта қалды. Мұндай нәтижелер — үлкен командалық жұмыстың жемісі, — дейді Арман Тұрсынов.
Ол өзінің жаттықтырушысы Виктор Бондарға кәсіби дайындығы үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар отбасы мен жақындарының қолдауын ерекше атап өтіп, Leone D’oro фитнес-клубына жалпы дене дайындығы мен қалпына келу үшін жасалған жағдайларға ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ капитаны Айгүл болатын Lite Legs командасына жарыс кезіндегі қолдауы үшін алғыс айтты.

Жеке жарыстармен қатар спортшы бапкерлік қызметін де жалғастырып келеді. Мамыр айынан бастап оның онлайн-жаттығу бағдарламалары толықтай жаңа жүйелі форматқа көшірілді. Оның айтуынша, ресми жарыстардағы нәтижелер шәкірттеріне тәртіп пен тұрақты еңбектің нақты нәтиже беретінін дәлелдеуге мүмкіндік береді.
Алайда маусымның басты сынақтары әлі алда. 7 маусым күні спортшы Astana Half Marathon жарысына қатысады. Осы жарыс аясында Қазақстан Республикасының ресми чемпионаты өтеді. Елдің үздік желаяқтары жиналатын додада тартыс аса жоғары болмақ.
Спортшының басты мақсаты — нәтижесін одан әрі жақсартып, жаңа белестерді бағындыру.