E-Joldar еліміздің жол саласындағы деректерін бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіреді
Қазақстанда жол саласының бірыңғай цифрлық экожүйесі – E-Joldar қалыптасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Платформа жол құрылысы мен жөндеуі, қолданылатын материалдар, зертханалық сынақтар, жолдардың техникалық жағдайы, жол бойындағы инфрақұрылым және азаматтардың өтініштері туралы ақпаратты біріктіреді.
Бірыңғай цифрлық платформаны құру Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында қоғамдық бақылауды күшейту құралдарының бірі ретінде атап өтілген болатын.
E-Joldar-дың басты қағидаты – барлық ақпаратты нақты жол немесе оның учаскесі бойынша біріктіру. Бұл ретте платформа қолданыстағы салалық жүйелерді алмастырмайды, керісінше олардың деректерін бірыңғай ақпараттық-талдау жүйесіне біріктіреді.
Мәселен, KazToll ақылы жол учаскелері туралы, JolBitum және RCMBase жол материалдары мен олардың өндірушілері туралы, ал KazRoadLab зертханалық сынақтардың нәтижелері туралы ақпарат береді. eOtinish жүйесімен интеграция азаматтардың өтініштерін нақты жол учаскелерімен байланыстыруға мүмкіндік береді. Ал Sapar жол бойындағы инфрақұрылым нысандары туралы деректермен толықтырады.
Сонымен қатар, RoadIQ жолдардың жай-күйін, жөндеу тарихын және қозғалыс қарқындылығын талдап, жөндеу қажеттілігін алдын ала болжауға мүмкіндік береді.
Нәтижесінде E-Joldar жолдың құрылысы мен сапасын бақылаудан бастап, пайдалану және жөндеуге дейінгі бүкіл өмірлік циклі туралы бірыңғай цифрлық тарих қалыптастырады. Бұл саладағы ашықтықты арттырып, қоғамдық бақылауды күшейтуге және деректерге негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.