Жылу энергиясына тариф қаншалықты қымбаттайды – министр жауабы
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров коммуналдық қызмет тарифін көтеруге қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тиісті есеп-қисапты жүргізу үшін орташа есеппен 60-70 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтердің шығынын назарға аламыз. Өңірлерде орташа чек айына 2-4 мың теңгеге өседі. Яғни өңірге байланысты айырмашылық болады. Жалпы, жылу энергиясын үнемдеу қадамдарын ынталандырамыз.
Жылу бойынша норматив 21 градус шамасында. Тұрғындар қыста 23-25 градусқа үйреніп қалған және оны тиісті нормаға түсіргенде, халық шағымдана бастайды. Атап айтқанда, қыста терезені немесе балконды ашу арқылы температураны реттеудің қажеті жоқ», - деді Ә. Қуантыров Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.