Футбол әлемінің назары Астанаға ауады: УЕФА-ның тарихи таңдауы

Футбол әлемінің назары Астанаға ауады: УЕФА-ның тарихи таңдауы
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қазақстан елордасы Еуропа футболының бас штабына айналып, 2027 жылғы 4 наурызда УЕФА-ның 51-ші Конгресін қабылдайтын болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл шешім Брюссельде өткен УЕФА-ның мерейтойлы 50-ші Конгресінде ресми түрде жарияланды. Алқалы жиынға Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Давид Лория қатысты.

– УЕФА Конгресі – ұйымның ең жоғары басқарушы органы. Жыл сайын өтетін жиынға 55 ұлттық қауымдастықтың өкілдері жиналады. Іс-шара аясында Еуропадағы футболдың стратегиялық дамуын айқындайтын негізгі шешімдер қабылданады, қаржылық және ұйымдастырушылық мәселелер бекітіледі, халықаралық жарыстарды өткізуге қатысты мәселелер қаралады, сондай-ақ УЕФА-ның басшы органдары сайланады, – деді Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі.

Айта кетерлігі, 51-ші Конгресс сайлау сипатында болады. Отырыс барысында УЕФА президенті мен Атқарушы комитет мүшелері сайланбақ. Осылайша, Еуропа футболының алдағы жылдардағы даму бағыты дәл Қазақстанда айқындалады.

Конгресті өткізу құқығы УЕФА-ға мүше елдерге зор сенім мен олардың футболды дамытуға қосқан үлесін мойындау белгісі ретінде беріледі. Бұл жиын Қазақстанда бұрын-соңды болмаған ең ірі халықаралық футбол шараларының біріне айналып, еліміздің еуропалық футбол қоғамдастығындағы орнын нығайтуға және спорт саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.

УЕФА Конгресінің Қазақстанда өтуі отандық футбол үшін маңызды оқиға әрі еуропалық футбол қауымдастығы тарапынан көрсетілген жоғары сенімнің дәлелі болмақ.

Конгресті ұйымдастыру және өткізу толығымен УЕФА қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Шараны іске асыруға Қазақстанның мемлекеттік бюджетінен ешқандай қаражат жұмсалмайды, бұл еуропалық футбол ұйымының халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан тікелей үлесі болмақ.