Павлодарлық спортшы шорт-тректен Қазақстанның абсолютті чемпионы атанды
Турнирге 200-ге жуық спортшы қатысқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қостанай қаласында жас спортшылар арасындағы шорт-тректен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтуде. Жарысқа әртүрлі қашықтықтарда жеке жарыстар бойынша бақ сынайтын балалар мен жасөспірімдер қатысуда.
Турнирге еліміздің 11 облысынан спортшылар қатысып, жалпы қатысушылар саны 181 адамды құрады. Павлодар облысының намысын жарыста үш жас шорт-трекші қорғауда. Олар – кіші жас санатындағы қыздар тобында өнер көрсететін Арина Раскатова, қыздар тобындағы Злата Корн және ұлдар тобында бақ сынайтын Семён Пан.
Чемпионаттың алғашқы үш күнінің қорытындысы бойынша Злата Корн өзінің жарқын жеңісімен ерекшеленді. Ол 50 спортшы бақ сынаған өз жас санатында Қазақстанның абсолютті чемпионы атанды.
Злата 500 метр, 333 метр және 222 метр қашықтықтарда бірінші орын иеленіп, жоғары деңгейдегі дайындығы мен тамаша нәтижесін көрсетті. Спортшының бұл жетістігі жаттықтырушысы Анатолий Галечиннің кәсіби еңбегінің арқасында мүмкін болды.
Сондай-ақ Арина Раскатованың өнерін атап өткен жөн. Ол 57 қатысушы арасында 333 метр қашықтықта төртінші орынға ие болды. Бұл — бәсекелестік деңгейі жоғары жарыстағы өте жақсы нәтиже.
Ал Семён Панның өнерін жаттықтырушылары жоғары бағалап отыр. Себебі ол жеке жетістіктерімен қуантқан. Яғни Пан әр қашықтықта өзінің жеке рекордтарын жаңартып отырған.