Павлодардан Джаммуға дейін: Баянауыл бояулары Үнді елін таңғалдырды

Павлодардан Джаммуға дейін: Баянауыл бояулары Үнді елін таңғалдырды
Фото Светлана Кравченконың жеке мұрағатынан

Акварельші Светлана Кравченко Джамму қаласында өткен халықаралық суретшілер симпозиумына қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарлық суретші мен Шри-Ланкадан келген әріптесінің арқасында симпозиум халықаралық мәртебеге ие болды.

– Әр суретшіге екі түрлі тақырыпта жұмыс орындау ұсынылды. Тақырыпты өзіміз таңдадық. Мен Джамму қаласының көркем табиғатын бейнелейтін бір пейзажды жазуды ұйғардым. Онда Патнитоп атты тау-шаңғы курорты бар, – дейді Светлана Кравченко. – Ал екінші жұмысымды Қазақстанға арнадым. Баянауылдың табиғатын – «Батылдар шыңын» және Торайғыр көлін бейнеледім. Қазақстанда әсем жерлер көп, бірақ Баянауыл туралы шетелде көпшілік біле бермейді. Әсіресе, Джаммуда алғаш естіген болуы мүмкін. Сол жерде еліміздің табиғатынан бір бөлшек қалдырғаныма қуаныштымын.

Студенттер суретшілер жұмыс істеген аудиторияға еркін кіріп, суреттерді тамашалады. Олар Патнитопты бірден танып, таңданыстарын білдірді. Ал Баянауылдың көріністері оларды ерекше таңғалдырды.

– Жиырма суретшінің ішінде акварельмен жұмыс істеген жалғыз мен болдым. Қалғандары акрилмен жазды. Сондай-ақ мен ғана реализм стилінде салдым, қазір «фотосуреттей» дейді. Басқалары қиялға толы, көбіне декоративті жұмыстар жасады. Олардың жұмысын бақылау өте қызықты болды, – дейді суретші. 

Жұмыстар аяқталған соң көрме ұйымдастырылып, қатысушыларға сертификаттар табысталды.

– Үндістандық суретшілер менің жұмысымды қызыға бақылады. Барлығы ашық түрде өтті: кез келген адам келіп, материалдарымды, қылқаламдарымды, бояуларымды көріп, аспанды қалай бояйтынымды сұрай алды, – дейді Светлана Кравченко. 

Қылқалам шеберінің айтуынша, Үндістанда өзін басқа мәдениеттен келген адам ретінде қабылдады. Сондықтан қызығушылық ерекше болды.

– Қазақстанда да, Үндістанда да акварель аса танымал емес. Үндістанда көбіне акрилмен кенепке жазады. Сондықтан қағаздағы нәзік акварельдік жұмыс оларды қатты таңғалдырды, – дейді суретші. 

Мумбай қаласында ол жеті жыл бұрын болып, жеке рекордқа қол жеткізген еді.

– 2019 жылы қыздар мектебінде төрт күн бойы 150 балаға шеберлік сабағын өткіздім. Бұл жолы үлкен террасада екі күн қатарынан 175 бала екі суреттен салды. Мұндай көлемді бір мезетте оқыту тек Үндістанда мүмкін деп ойлаймын, – деп еске алады суретші. – Мұғалімдер маған көмектесті. Мен тапсырмаларды ағылшынша түсіндірдім, ал олар урду тіліне аударып берді. 

Сабақ соңында барлық қатысушылар сертификат алды. Сонымен қатар ұйымдастырушылар бес үздік жұмысты таңдап, кішкентай суретшілерге сыйлықтар табыстады.

– Үндістандық суретшілер менің қылқаламдарымды қызықтады. Оларды сұйық акварель қатты әсерледі, тіпті, бояудың бар екенін білмеген екен. Алдағы уақытта ынтымақтастығымыз жалғасады деген үміттемін. Бәлкім, үндістандық суретшілердің көрмесін Павлодарда ұйымдастыруға мүмкіндік туар, – дейді Светлана Кравченко.

Суретші тағы бір жағымды жайтпен бөлісті. Светлана Кравченко Instagram желісіне Джаммуда салған «Батылдар шыңы. Баянауыл» жұмысын жариялаған кезде Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов лайк қойып, «Керемет!» деп пікір қалдырған.