Павлодар облысында 45-ке жуық ауылда жаңа су құбырлары салынды

Павлодар облысында 45-ке жуық ауылда жаңа су құбырлары салынды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыстың ауылдық елді мекендерін таза ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша көптеген жұмыс атқарылды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

– Ақтоғай, Баянауыл, Железин, Ертіс, Аққулы, Тереңкөл, Павлодар, Успен, Шарбақты аудандары мен Ақсу, Павлодар қалаларының 44 ауылында  15,3 миллард теңгеге жаңа су құбырлары салынды. Нәтижесінде осы ауылдарда тұратын 37 мың тұрғынды сумен қамтамасыз етуге қолжеткізілді, – деді облыс әкімі Асайын Байханов кезекті бейне-есепте.

Сондай-ақ басты мәселенің бірі жылумен жабдықтау желілерінің ауқымды тозуы болып табылады. Павлодарда – 84%, Екібастұзда – 92 %, Ақсуда – 64%, ал аудандарда – 47% пайызға жуық.

Үш қаланың жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 1438 шақырымға жуық. Өткен жылы он бір учаскеде 73 шақырымнан астам жылумен жабдықтау желілерін жөндеу және реконструкциялау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Бұл қалаларда желілердің жалпы тозуын 1,6% пайызға төмендетті.

Облыстың барлық қалалары мен аудандарының жылу беру маусымына сапалы дайындауға бюджеттен 35,8 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ, Майқайың, Железин және Галицкое ауылдарында орталық жылу желілеріне күрделі жөндеу жүргізілді.

– Инфрақұрылымның келесі маңызды бағыты – сумен жабдықтау және кәріз жүйелері. Бұл бағытта өткен жылы облыстың үш қаласында 42 шақырымнан астам желілерін қайта құру және салу бойынша тоғыз жоба іске асырылды, – деді аймақ басшысы.

Электрмен жабдықтау желілерді жөндеу мен қайта құру – қаржыландыру көлемін ұлғайтуды талап етеді. Облыстың алты елді мекенінің жарықтандыру инфрақұрылымына бюджеттен барлығы 566 миллион теңге салынды.

Инженерлік инфрақұрылым бағытындағы жұмыс алдағы жылы да жалғасын табады.