Павлодарда жылу беру маусымы ерте басталуы мүмкін
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында осындай ұсыныс жасалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов жылыту маусымының әр көппәтерлі тұрғын үйдің дайындығын бақылау бойынша шағын аудандар бойынша жауапты тұлғалар анықталғанын атап өтті.
– Қала әкімдіктері іс-шаралар мен орындалу мерзімдерін көрсете отырып, көппәтерлі тұрғын үйлерді дайындаудың егжей-тегжейлі жоспар-кестесін әзірледі. Бүгінгі таңда жоспарланған 2 472 көппәтерлі тұрғын үйдің 1 893-і немесе 76,5 пайызы арнайы зерттеліп дайындалды. Павлодар және Екібастұз қалаларының жағдайлары орта дайындықтан төмен, – деді Ержан Иманзайыпов.
Оның айтуынша, Павлодарда 1300 үйдің 1100-і ыстық сумен қамтамасыз етілген. Оңтүстік ауданда – 40 үй, солтүстікте 160 үй қалған. Алдағы уақытта қаланың оңтүстік бөлігіне 5 қыркүйекке дейін, ал солтүстік бөлігіне 10 қыркүйекке дейін ыстық су беру жоспарланып отыр.
Аймақ басшысы қалалардың әкімдіктеріне жылу беру маусымына дайындықты күшейтіп, барлық жоспарланған іс-шараларды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
– Биыл қалаларда жылыту маусымын сәл ерте бастау керек. Ауа райы жаңбырлы. Әлеуметтік нысандарға осы айдың ортасынан бастап кезең-кезеңмен жылу бере бастау қажет. Жылу көздері – Екібастұзда жылу-электр орталығы, Павлодарда үш станция, Ақсуда ферроқорыпта зауытының қазандығы толық дайын. Соңғы дайындықтарды осы аптада пысықтап, ендігі аптада жылыту маусымын ақырын бастау қажет, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Еске сала кетейік, аймақ басшысы көмірмен қамтуды қатаң бақылауда ұстауды тапсырған болатын.