Павлодарда мүгедектік белгіленген адамдарға тексеруден уақытында өтуге кеңес беріледі
Мүмкіндігі шектеулі жандар белгіленген тексерулерден толық өткенде өмірінің соңына дейін жәрдемақы белгіленеді, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Бұл туралы баспасөз жиынында Павлодар облысы бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы Евгений Губарев мәлім етті.
– Бізге мүгедектікті белгілеуге қатысты сұрақтар көп түседі. Тұрғындар түсінбей жатады. Көбі мүгедектікті белгілеуге жұмсалатын уақытқа қатысты сұрақ қояды, – деді Евгений Губарев.
Оның айтуынша, мысалы, бір адам белгілі бір жарақат алып қалса немесе бір ауруға шалдықса, содан 4 айдан кейін мүгедек екенін растап, төлемақы алу жұмыстарын бастайды.
– Мұндай жағдайға шалдыққан адамға медициналық-сараптама тағайындалады. Кейін қайтадан сараптамадан өтеді. Ол үшін заңмен бекітілген уақыттар бар, – деді Евгений Губарев.
Одан бөлек, 4 айды күтпей мүгедектік бірден тағайындалатын аяғынан немесе қолынан айырылу сияқты шұғыл жағдайлар да болады.
Ересектер арасында 1-топтағы мүгедектік 4 жылға бекітіледі. 2-топ – 5 жылға, 3-топ 6 жылға бекітіледі. Осы жылдар аралығында мұндай санаттағы адамдар бақылауда болады. Олар белгіленген уақыт аралығында тексеруден өтіп тұрады. Денсаулығында өзгерістер болмаса, мүгедектің сол тобы өмірінің соңына дейін бекітіледі.
– Мысалы, кейде мүгедектік 5 жылға белгіленген адамдар 4 жыл тексеруден өтіп келеді де, соңғы жылы құжаттардан шаршадым деп, бәрін тастай салады. Ол адам соңғы жылғы тексеруден өткенде оған жәрдемақы өмірінің соңына дейін белгіленетін еді. Сондықтан осы жағын түсініп, тексеруден өтіп тұру керек, – деді Евгений Губарев.
Ал, балаларға мүгедектік 0-7 және 7-18 жас аралығында белгіленеді.
Сонымен қатар, соңғы өзгерістерге байланысты мүгедектік 5 жылға бекітілетін 20 ауру түрі бар.
Департамент өкілдері, мүгедектік белгіленген адамдар тексеруден уақытында өтіп тұруды сұрайды. Өйткені кешіккен айларға заң бойынша төлемақы берілмейді.
Фото: ашық дереккөздерден