Павлодарда есірткі жарнамасына қарсы граффити жойылды

Қоғам зиянды жазбаларды жою арқылы жастарды қорғауға атсалысып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шараның мақсаты – жастарды психобелсенді заттарға тартудың алдын алу және есірткі насихатына қарсы күрес жүргізу. Мамандардың айтуынша, есірткі граффити бұл жай ғана қабырғадағы жазба емес, оның артында жастарды зиянды әдеттерге итермелейтін жасырын жүйелер бар.
Акцияға облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен жергілікті полиция қызметінің мамандары, «New Vision Team» қоғамдық қорының өкілдері, «Аманат» партиясы Жастар қанатының «Жастар Рухы» еріктілері, сондай-ақ республикалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығының қызметкерлері қатысты.
– Егер қала көшелерінде есірткіге қатысты жазбаларды байқасаңыз, полицияға немесе қалалық қызметтерге хабар беріңіз. Бұл – қоғамды зиянды идеологиядан қорғаудың маңызды жолы, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Рейдтік жұмыстар «Ертіс» шаңғы базасы аумағында өтті және мұндай шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып отырады.