Ақпирғановтың шайбасы нәтиже өзгерте алмады: «Ертіс» өз мұз айдынында есе жіберді

Ақпирғановтың шайбасы нәтиже өзгерте алмады: «Ертіс» өз мұз айдынында есе жіберді
Фото: Адильхан Ахтамберов

«Астана» мұз сарайында павлодарлық хоккей клубы «Алматы» командасын қабылдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Тартысты өткен матч 4:2 есебімен аяқталды.

Бірінші кезең тең дәрежеде басталды. Алғашқы шайбаны «Ертіс» ойыншысы Владислав Жабунин көпшілік құрамда тиімді ойнап, есепті ашты. Оған Данияр Билимбаев пен Данила Букарь пас берді. Алайда кезең соңында «Алматы» хоккейшісі Павел Медведев есепті теңестірді. Нәтижесінде алғашқы үзіліске командалар 1:1 есебімен шықты.

Екінші кезеңде бастаманы «Алматы» өз қолына алды. Ойынның 30:14 минутында Егор Анисимов дәл соққымен қонақтарды алға шығарды. Бұл шайбаға Ринат Валиев пен Станислав Филиппенко ассист жасады (1:2).

Үшінші кезеңде шиеленіс күшейді. 55:41 минутта Арлан Ақпирғанов есепті теңестіріп, жанкүйерлерді бір желпіндірді. Ойыншыға Кирилл Пак пен Дмитрий Пидяшов пас берген (2:2). Бірақ көп ұзамай «Алматы» шабуылды күшейтіп, нәтижеге қол жеткізді. 58:43 минутта Дамир Айдуков есепті қайта қонақтардың пайдасына өзгертті (2:3).

Матч соңында «Ертіс» қақпашыны алаңнан шығарып, шабуылды арттырғанымен, бұл тәуекел нәтижесіз болды: бос қақпаға Денис Гафаров шайба соғып, ойынның соңғы нүктесін қойды – 4:2.

Статистикаға сүйенсек, «Алматы» қақпаға көбірек соққы бағыттаған, ал «Ертіс» көпшілік құрамда тек бір рет нәтижелі болды.

Екі ұжым арасындағы келесі кездесу 2 желтоқсан күні кешкі 19:00-де дәл осы «Астана» мұз сарайында жалғасады.