Педагог-ассистенттер жұмысқа конкурссыз қабылданбақ

Педагог-ассистенттер жұмысқа конкурссыз қабылданбақ
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Биыл еліміздегі 9 колледжде «педагог-ассистент» мамандығы бойынша оқуға қабылдау жүргізіледі. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

- Педагог-ассистенттерге қойылатын біліктілік талаптары Педагог лауазымдарының үлгілік сипаттамасымен бекітілген. Біліктілікке қойылатын талаптар жоғары, сонымен қатар техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің болуын көздейді. 2024 жылдың желтоқсанында педагог-ассистент лауазымы білім берудің барлық деңгейіне енгізілді. Бүгінде олардың саны 6,5 мың маманнан асады, - деді Үкімет басшысы.

Оның мәліметінше, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламасының тізіліміне 9 колледжде педагог-ассистент дайындау бойынша 18 бағдарлама енгізілген. Қазіргі уақытта аталған 9 колледждің екеуі лицензия алса, 7 колледж лицензиялау процесінен өтіп жатыр.

- 2026 жылы аталған колледждерде «педагог-ассистент» мамандығы бойынша оқуға қабылдау жүргізіледі. Қазіргі уақытта педагог-ассистенттерді жұмысқа қабылдау барысында конкурстық процедуралардан өтуден босату бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, - деді Олжас Бектенов.