Павлодарда қысқы дрифт жарысын өткізу жоспарланып отыр

Павлодарда қысқы дрифт жарысын өткізу жоспарланып отыр
Фото: pexels.com / Антон Злобин

Бұл бастаманы қала әкімі Хасар Хабылбеков «Ритм РК» өкілдерімен талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһар басшысы «Ритм РК» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған дрифт шарасына қатысты. Бұл автошоу 3 қазанда METRO сауда орталығының автотұрағында өтіп, павлодарлық жас автоспортшы Анатолий Кинді еске алуға арналды.

Қала әкімі спортшылармен және ұйымдастырушылармен кездесіп, дрифт-көліктердің техникалық ерекшеліктерімен танысты. Әңгіме барысында Павлодарда қысқы жарыстар өткізу мүмкіндігі де көтерілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қысқы дрифт үшін Усолка бұрыннан танымал орындардың бірі. Мұндағы жарыстарға Қазақстанның басқа қалаларынан да спортшылар келеді.

– Бүкіл Қазақстан Усолканы жақсы көреді. Әдетте 40-45 қатысушы келеді. Жарыстармен қатар дрифт-такси мен түрлі шоу өткіземіз. Адамдар өте көп жиналады, – деді ұйымдастырушылардың бірі.

Көрермендер үшін қысқы жарыстың жағдайын жақсарту да ұсынылды. Атап айтқанда, адамдар жылынуы үшін киіз үйлер орнатып, ыстық шай ұйымдастыру идеясы айтылды.

Хасар Хабылбеков бұл мәселені алдын ала жеке талқылауды ұсынды.

– Қысқы дрифт бойынша жиналып, бәрін алдын ала талқылау керек. Қыста қызықты бір нәрсе ұйымдастыруды ойластырған жөн, – деді қала әкімі.

Кездесу кезінде әкім жарысқа дайындалған көліктерге де қызығушылық танытып, спортшылармен көліктердің ерекшеліктерін талқылады. Қатысушылардың бірі өз көлігімен жүріп көруді ұсынды. 

– Міндетті түрде бір айналып көремін, – деп жауап берді қала әкімі.

Хасар Хабылбековтің айтуынша, дрифт Павлодарда автоспорттың танымал бағыттарының біріне айналып келеді. Қала әкімдігі қысқы жарыс ұйымдастыру бастамасын қолдауға дайын.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Хасар Хабылбеков (@khassarkhabylbekov)