Жас сарбаз: Ақсуда үздік оқушылар мен ата-аналар анықталды

Жас сарбаз: Ақсуда үздік оқушылар мен ата-аналар анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде «Жас сарбаз» спорттық байқауы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.   

«Құқық бұзушылықсыз мектеп» қалалық әлеуметтік жобасы аясында Ақсу қаласының №4 орта мектебінде өткен спорттық байқауға қала мектептерінің ата-аналары мен оқушыларынан құралған командалар қатысты.

– Байқау балаларды ата-аналарымен бірге спортқа тарту,  отбасылық құндылықтарды нығайту, жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу, мектептерде әскери-патриоттық жұмысты жандандыру және жетілдіру мақсатында ұйымдастырылды, – деді облыстық білім басқармасында. 

Командалар бес бағыт бойынша тапсырмаларды орындады: «Саптық байқау», «АК-74-ті толық емес бөлшектеу және құрастыру бойынша нормативтерді орындау», «Жаппай қырып-жою қаруынан қорғау бойынша нормативтерді орындау», «Тартылу» және «Нысаналар бойынша пневматикалық мылтықтан ату».

Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Ақсу №4 орта мектебінің командасы иеленді. Ал жүлделі екінші орынды Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектеп командасы, үшінші орынды Қатыршат Шүлембаев атындағы орта мектеп командасы қанжығасына байлады.

Командалар білім беру бөлімінің грамоталарымен және кубоктармен, барлық басқа командалар қатысқаны үшін грамоталармен марапатталды.