2000-ға жуық құқық бұзушылық: Павлодарда «Қауіпсіз жол» шарасы аяқталды
Жол ережесін бұзған 100-ге жуық көлік арнайы тұраққа қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыста жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға, олардың алдын алуға және жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыруға бағытталған «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аяқталды.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері жол қозғалысы қағидаларын бұзудың 1886 дерегін анықтап, жолын кесті. Оның ішінде 34 дерек – көлік құралын мас күйде басқару, 30 дерек – көлік құралын басқару құқығы жоқ немесе жүргізуші куәлігінен айырылған адамдардың көлік басқаруы, 85 дерек – бағдаршамның тыйым салынған сигналына өту, 4 дерек – қарсы қозғалыс жолағына шығу.
Іс-шара барысында ауыр жол-көлік оқиғаларына жиі себеп болатын құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударылды. Жол қауіпсіздігін күн сайын патрульдік полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар және басқа да бөліністердің өкілдері қамтамасыз етті.
– Ауыр жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жол қозғалысы қағидаларын саналы түрде елемеуден туындайды. Көлікті мас күйде басқару, қарсы қозғалыс жолағына шығу, көлік басқару құқығының болмауы және медициналық куәландырудан өтуден бас тарту жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіреді. Жүргізушілерді жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға, жолда бір-біріне құрметпен қарауға және қауіпсіздік әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын ұмытпауға шақырамыз, – дейді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бәкібай Ахмедьянов.
Сонымен қатар, әртүрлі құқық бұзушылықтар үшін 98 көлік құралы арнайы айып тұрағына қойылды. Сондай-ақ әртүрлі құқық бұзушылықтарға байланысты 62 мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі алынды. Құқық бұзушылар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.