Астанада Халықаралық симпозиум өтіп жатыр
«Алтын Орда — дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты шараға Президент қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев симпозиумның ашылу салтанатында сөз сөйледі.
— Симпозиум Алтын Орда мен Ұлы дала тарихын зерделейтін түрлі мектеп өкілдерінің басын қосып отыр. Бұл — өте маңызды. Ұзақ жылдар бойы осы іргелі тақырыпты індете зерттеген ресейлік ғалымдардың рөлін атап өткен әділетті болар еді. Олар Алтын Орданың тыныс-тіршілігін жан-жақты сипаттайтын ғылымның мол қорын жинады. Сонымен қатар Алтын Орда тақырыбы бір ғана мемлекеттің шеңберінде шектеліп қалмай, Қытай, Моңғолия, АҚШ, Үндістан, Пәкістан, Жапония, Қырғызстан, Өзбекстан, Мысыр және бірқатар Еуропа елдері зерттеушілерінің назарын аударып, бүкіл әлемді шарлап кетті десек болады. Түптеп келгенде, Алтын Орда жылнамасы — адамзатқа ортақ тарих, — деді Президент.
Мемлекет басшысы бүгін өтіп жатқан бірегей симпозиум әлемдік ауқымдағы мұраны жүйелі зерттеу жұмысын жаңа сапалық деңгейге көтереді деп сенетіндігін айтты.
— Осы жерде отырған ғалымдар мен сарапшылар бұл міндетті іске асыруға елеулі үлес қосуда. Бұл маңызды жұмыста сіздер оң нәтижеге қол жеткізесіздер деп сенемін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент тарих өзіне тәнті болған жалған әрекеттерді, ортақ мұраны жекелеген халықтың қанжығасына байлап беруді кешірмейтіндігін баса айтты.
- Кереғарлықтар мен кедергілерге толы бай тарихымызды біржақты түсіндіруге қойылатын талап ғылымның құлдырауына және өзара сенімнің жоғалуына әкелетін тұйыққа тірейді. Сонымен қатар кәсіби тарихшылар қауымдастығында «жұмсақ күш» пен ғылыми дипломатияның өкілдері де бар. Олар саясаткерлер қамал тұрғызатын жерде көпір салуға қабілетті. Тарихшылардың миссиясы қазіргі алмағайып кезеңде маңызды болып тұр, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы ретте Мемлекет басшысы бүгінгі симпозиумның тарихи маңызы айрықша екенін баса айтты.
— Осы маңызды жиынның қорытындысы бойынша арнайы қарар қабылданады. Бұл құжат Алтын Орданың тарихы мен мұрасын зерттеу жұмысына тың серпін береді деп сенемін, — деді ол.
Президент Алтын Орда сол кезеңдегі көптеген мемлекеттерге қарағанда өз дамуында стратегиялық ашықтық қағидатына берік болғанына ерекше атап өтті.
Айта кетелік, шараға әлемнің 20-дан астам елінен делегация қатысып отыр. Олардың қатарында тарихшы-медиевистер, археологтар, шығыстанушылар, түркітанушылар, моңғолтанушылар, нумизматтар, эпиграфика мамандары, саясаттанушылар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, дипломаттар және халықаралық ұйымдардың өкілдері бар.