Мемлекет басшысы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына тағзым етті

Мемлекет басшысы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына тағзым етті
Фото: Ақордадан

Қасым-Жомарт Тоқаев еске алу күніне байланысты үндеу жолдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.

— Құрметті отандастар, біз жыл сайын 31 мамыр күні өткен ғасырдың бірінші жартысында саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған адамдардың рухына тағзым етеміз. Оларды жадымызда сақтау, заңдылық қағидаты мен әділдік құндылықтарына адал болу – біздің қастерлі борышымыз, - деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанда барша азаматтың құқықтары мен бостандықтарын жан-жақты қорғау үшін жүйелі түрде жағдай жасалып отырғанын тілге тиек етті.  

— Мемлекетіміздің осы міндеті 15 наурыздағы жалпыұлттық референдум кезінде қабылданған Конституцияда заң жүзінде бекітілді. Біз бір қоғам болып, озық ойлы ел құру жолына бет бұрдық. Бұл – елімізде Әділдік, Заңдылық, Отаншылдық, Еңбекқорлық, Табиғатқа сүйіспеншілік қағидаттары айрықша маңызға ие болады, сондай-ақ, ғылымды, жоғары технологияларды, мәдениетті және еріктілер қозғалысын дамытуға баса мән беріледі деген сөз, - деді үндеуінде.

Президент қазіргі таңда бүкіл әлем  Қазақстанды барлық салада тек алға қарай қадам басып келе жатқан ел ретінде танитынын айтты. 

— Біз бұдан да биік белестерді бағындыру үшін қоғамымыздың ынтымақ-бірлігі мен тұрақтылығын нығайта беруіміз керек. Қазақстанның болашағы әрдайым жарқын болмақ! Мен бұған кәміл сенемін, - деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.    

Айта кетейік, бүгін Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні.