Павлодардағы инсульт орталығы жыл сайын 900-ге жуық науқасты қабылдайды

Павлодардағы инсульт орталығы жыл сайын 900-ге жуық науқасты қабылдайды
Фото: РСК

Павлодар облыстық кардиологиялық орталығы базасындағы инсульт орталығында науқастарға шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, оңалтудың алғашқы кезеңі жүргізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық кардиологиялық орталық жанындағы инсульт орталығы 2021 жылдың ақпан айында ашылған. Содан бері мұнда жыл сайын 900-ге жуық науқас ем қабылдайды.

Орталыққа инсульт белгілерімен түскен пациентке ең алдымен шұғыл медициналық көмек көрсетіледі. Дәрігерлер оның неврологиялық жағдайын тексеріп, ес білу деңгейін бағалайды. Стационарға түскен алғашқы минуттарда компьютерлік томография жасалып, мидың зақымдану деңгейі анықталады.

Орталықта емдеумен қатар оңалтудың бірінші кезеңі де жүргізіледі. Ол науқас стационарға түскен алғашқы күндерден басталады. Егер пациент жансақтау бөлімінде болса, мамандардың басты міндеті – негізгі өмірлік функцияларын сақтау, асқынулардың алдын алу және оны кейінгі оңалтуға дайындау.

– Бұл жұмысқа мультидисциплинарлық топ жұмылдырылады. Оның құрамына дәрігерлер, медбикелер, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары, массажистер, логопед пен психолог кіреді. Әр пациентке жеке оңалту жоспары жасалады. Себебі біздің мақсатымыз – адамның тек физикалық жағдайын ғана емес, психологиялық саулығын да қалпына келтіру, – дейді э облыстық кардиологиялық орталықтың реабилитолог-дәрігері Дина Омарова.

Маманның айтуынша, науқасты оңалтуы стационардан шыққан соң да жалғасады. Емнің екінші кезеңінен алты ай ішінде өтуге болады. Ал үшінші кезең емхана жағдайында, учаскелік дәрігердің жолдамасымен жүргізіледі. Оған санаторий-курорттық ем де кіреді.

Оңалту шаралары барлық науқасқа тағайындалады. Алайда кейбір ауыр жағдайларда, мысалы, кома кезінде немесе ауыр онкологиялық аурулар болғанда, медициналық көрсетілімдерге байланысты оңалту жүргізілмеуі мүмкін.

Айта кетейік, инсульт орталығында емдеу мен оңалту қызметтері тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетіледі.

Дәрігерлер инсульттің алдын алу үшін қан қысымын тұрақты бақылап, зиянды әдеттерден бас тартуға, дене белсенділігін арттыруға және профилактикалық тексерулерден уақытылы өтуге кеңес береді.

Еске сала кетейік, бұрын инсульт көбіне егде жастағы адамдарға тән ауру саналған. Алайда қазір 20-30 жастағы жастар арасында да бұл дерт жиі кездесіп отыр. Мамандар мұны зиянды әдеттер, жоғары қан қысымы, ұйқының бұзылуы және басқа да қауіп факторларымен байланыстырады.