Павлодар облысында кітапханашылардың 80 % – ұстаздар
Өңірімізде 500 кітапханашы бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың басшысы Шолпан Шахметова мәлім етті.
– Бүгінгі таңда кітапхана саласында кадр тапшылығы бар екені жалған емес. Өңіріміздегі кітапханашылардың 80 пайызы – ұстаздар. Яғни, облысымызда 500 кітапханашы бар болса, кітапханашы мамандығын оқыған 70-ке жуық қана маман бар, – дейді Шолпан Шахметова.
Спикердің айтуынша, қуантарлық жаңалықтардың бірі – осыдан үш жыл бұрын Торайғыров университетінде кітапханашы мамандығына арнайы оқыту жүйесі ашылған.
– Мен де осы саланы таңдап келдім деп айта алмаймын. Мен де ұстаз болғым келген. Алайда осы мамандық бұйырған болар, бүгінде тәжірибесі мол маманға айналдым деп айта аламын, – дейді спикер.
Айта кету керек, облыс бойынша кітап қоры – 2 859 649 дана, оның ішінде 1 187 267-ы – қазақ тілінде. Биылғы жылы қорға 5 158 дана түскен, оның ішінде 3 361-і – дана қазақ тіліндегі кітаптар.