Павлодар облысында жол қауіпсіздігі қамтамасыз етілуде
Ауа райының күрт нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар автожолдарда қозғалыс уақытша шектелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Осыған орай патрульдік полиция қызметкерлері автожолдардың жай-күйін күшейтілген режимде бақылауда ұстап отыр.
– Полицейлер жол жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіп, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және жолда қалған жүргізушілерге көмек көрсетуде. Қар басқан аумақтар туралы ақпарат жедел түрде «ҚазАвтоЖол» АҚ мамандарына жолдануда. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері трассалардың жағдайын тексеруде. Ауа райы тұрақтанғаннан кейін жолды ашу немесе көлік колонналарын алып жүру туралы шешім қабылданады. Ол үшін жол бөлігі толық тазартылуы тиіс. Экипаждар проблемалық учаскелерді анықтап, тиісті қызметтерге дереу хабарлайды, – деді облыстық ПД патрульдік полиция ротасының командирі Әсет Рыспаев.
Мәселен, бүгін Атамекен кентінен Екібастұз қаласына дейін трассаның жабылуына байланысты шамамен 250 көлік жиналды. Барлық автокөліктер полиция қызметкерлерінің сүйемелдеуімен колоннамен өткізілді. Жағдай полицияның тұрақты бақылауында.