Павлодардағы ЖОО-ның бірі 200-ге жуық бағдарлама бойынша маман даярлауда

Павлодардағы  ЖОО-ның бірі 200-ге жуық бағдарлама бойынша маман даярлауда
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Торайғыров университеті жаңа гранттар санын жариялады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аталмыш білім ордасы биыл 2277 түлекке диплом табыстап, жас мамандарды үлкен өмірге шығарып салды. Салтанатты жиынның шарықтау шегі магистрлерге диплом табыстау рәсімі болды.

Бүгінде университеттің 28 кафедрасында ғылыми-зерттеу жұмыстары белсенді жүргізіліп, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлануда. Оқу орнында бакалавриат, магистратура және PhD докторантура бойынша 196 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып келеді.

Сонымен қатар, университет халықаралық деңгейде де өз орнын нығайтып келеді. Жоғары оқу орны QS World әлемдік рейтингіне енген және 2025 жылы QS Stars халықаралық аудитінен сәтті өтіп, төрт жұлдызға ие болды.

Бұдан бөлек, оқу орны Маңғыстау облысының талапкерлеріне 545 мақсатты грант бөлінгенін хабарлады. 

- Гранттар химиялық инженерия және процестер (100), электр техникасы және электроэнергетика (120), электр техникасы және автоматтандыру (115), көлік техникасы және технологиялар (80), азық-түлік өнімдерінің өндірісі (50), тау-кен ісі және пайдалы қазбаларды өндіру (80) бағыттары бойынша қарастырылған, - дейді университеттің баспасөз қызметі.

Биылғы мақсатты гранттарға құжаттар 13–20 шілде аралығында қабылданады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Toraighyrov University халықаралық QS Stars бағалау жүйесінде алғаш рет 4 жұлдызға ие болған еді. Бағалау қорытындысында университет «Білім беру», «Жұмыспен қамту» және «Басқару» бағыттары бойынша ең жоғары – 5 жұлдыздық нәтижеге қол жеткізді.