Павлодар облысында 300-ден астам отбасы профилактикалық есепке алынды

Павлодар облысында 300-ден астам отбасы профилактикалық есепке алынды
Фото: Константин Шелков

Заң бұзғандар жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және анықтау мақсатында өткізілген «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 2500-ге жуық азамат полиция тексеруінен өтті.

– Нәтижесінде полицейлер 200-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті. Отбасылық жанжал шығарушыларға қатысты 190 қорғау нұсқамасы шығарылып, құқық бұзушылардың мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу туралы сотқа 115 өтініш жолданды. Қолайсыз отбасылардың тұрғылықты жері бойынша 500-ден астам тексеру жүргізіліп, 305 отбасы профилактикалық есепке алынды, – деді облыстық ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев.

Мәселен, Ақсу қаласында ер адам спирттік ішімдік ішу барысында жұбайымен жанжал шығарып, әйел адам құқық қорғау органдарына арызданған. Нәтижесінде ер адам отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешіміне дейін уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастырылды.

Павлодар қаласында жас әйел полициядан көмек сұрап, жұбайының жүйелі түрде жанжал шығарып, күш қолданғанын мәлімдеген. Отбасында кәмелетке толмаған бала тәрбиеленуде. Әйелге құқықтық кеңес беріліп, жұбайымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Жан-жақты көмек көрсету мақсатында әйел баласымен бірге арнайы орталыққа орналастырылды.

Сонымен қатар, іс-шара барысында қайталама зорлық-зомбылық тәуекелін бағалауға ерекше назар аударылды. Әрбір отбасылық-тұрмыстық жанжал дерегі бойынша полиция қызметкерлері жәбірленушілерден тәуекелді бағалау картасы арқылы сауалнама жүргізді. Жоғары қауіп санатына жатқызылған тұлғалар ерекше бақылауға алынады.

Іс-шара аяқталғанымен, тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру бағытындағы кешенді жұмыстар әлі де жалғаса бермек.