Павлодар облысының құқық қорғау жүйесінде құрылымдық қайта құрулар аяқталды
Жергілікті полиция қызметі мен әкімшілік полиция басқармасы жаңа форматқа көшіп, міндеттері нақтыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңадан құрылған Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы енді Солтүстік өнеркәсіп аймағы көшесі, 258 мекенжайында орналасады.
Полиция майоры Азамат Куркебаев басқаратын бұл бөлімше негізінен профилактикалық жұмыстарға басымдық береді. Бұл жерде құқық бұзушылықтың алдын алу, отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес, ювеналдық полиция және қару айналымын бақылау сияқты маңызды бағыттар шоғырланған.
– Тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтар бойынша тиісті мамандарға, соның ішінде ювеналдық полиция немесе табиғатты қорғау тобына тікелей хабарласа алады, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Әкімшілік полиция басқармасы да қайта ұйымдастырылып, Торговая көшесі, 2 мекенжайындағы ғимаратқа жайғасты.
Полковник Бакибай Ахмедьяновтың жетекшілігімен жұмыс істейтін бұл басқарманың басты назары жол қауіпсіздігі мен патрульдік қызметті үйлестіруде болмақ. Процессингтік орталық, жол және техникалық инспекция, сондай-ақ жол-көлік оқиғасы орнынан қашқандарды іздестіру топтары дәл осы құрылымның құрамында қызмет етеді.
Ведомствода атап өткендей, бұл реформалар полиция жұмысының ашықтығын қамтамасыз етіп, әр саланың өз жауапкершілік аймағын нақты белгілеп берді.