Павлодарда анасы терезеден лақтырған балаға тағы да реанимация қажет болды

Балаға ота жасалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық балалар ауруханасы дәрігерлерінің мәліметінше, 30 шілде күні терезеден құлап, ауруханаға түскен екі баланың кішісінің жағдайы нашарлаған.
– Ішкі қан кету күшейіп, сол себепті жарақаттанған сол жақ бүйрегін алып тастау бойынша шұғыл операция жасалды. Отадан кейінгі ерте кезеңде жүрек тоқтап қалды, балаға реанимациялық көмек көрсетілді. Таңертеңгі жағдайы өте ауыр, тұрақсыз. Қан айналымын ұстап тұру үшін вазопрессорлар қолданылуда, – деп нақтылады мекеменің баспасөз қызметі.
Науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Оның ағасы өз бетінше тыныс алуда, жағдайы – ауыр, бірақ тұрақты.
Еске сала кетейік, балалардың анасы адам өлтіруге оқталу және өз-өзіне қол салуға тырысу фактілері бойынша күдікке ілінді. Кішкентай ұл 2024 жылы, үлкені 2017 жылы туған. Әйел мамандандырылған медициналық мекемеде тіркеуде тұрған.