Павлодарда мұзға құлап, жарақат алғандар көбеюде

Павлодарда мұзға құлап, жарақат алғандар көбеюде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Көктайғақ салдарынан жиырмадан астам азамат жарақат алған, деп хабарлайды @Pavloarnews.kz.

Павлодар облысында бірнеше күн қолайсыз ауа райы байқалуда. 26 желтоқсанда сынап бағанасы +3 градусқа дейін жылынып, қар еріп, күні бойы жаңбыр жауды. Бүгін жердің бетіне мұз қатып, көктайғақ  пайда болды. 

Жедел жәрдем станциясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, бір күн ішінде бригадалар көктайғаққа байланысты үш шақыртуды пысықтады. 26 желтоқсанда мұзда тайғанап, құлау фактілері бойынша жедел жәрдемді төрт рет шақырды.

– 26, 48, 54 жастағы әйелдер мидың шайқалу диагнозымен және түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді, – деді станцияда. 

№1 қалалық ауруханаға 21 науқас түрлі деңгейдегі жарақаттармен жүгінді. Оның ішінен төртеуінде денедегі көгеру, ал 17 адамда сынық анықталды. Жарақат алғандардың ішінен балалар жоқ. 

Еске сала кетейік, облыс орталығында коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. 2023-2024 жылдардың қысқы мезгіліне шамамен 28 мың тонна құм әзірленді.