Су құбыры, жол қалды: Тілектес тұрғындарының ендігі тілегі қандай?

Су құбыры, жол қалды: Тілектес тұрғындарының ендігі тілегі қандай?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Аққулы ауданы Тілектес ауылының тұрғындары облыс әкімі Асайын Байхановпен кездесуде су құбыры мен мектептің жанынан жол салуды сұрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

–     Облыс әкімі сабырлықпен шыдаңыздар, мектеп болады, деп еді. Мектептің іргетасының қалануына куәгер болдым, мектеп салуға қатысқан азаматтарға алғыс айтамын. Ендігі кезекте ауылға қашан су құбыры тартылады? Осы туралы мамандардың жауабын білгім келеді, – деп сұрақ қойды зейнеткер Бағыт Мұқаметжанқызы.

Сондай-ақ ауыл тұрғындары мектеп бой көтеретін көшеге жол салуды өтінді.

–   Соңғы төрт-бес жылда үкімет тарапынан шағын ауылдарға көп көңіл бөлінуде. Өмір бойы үлкен ауылдар жақсы дамыды. Қазір ауданның қай ауылын алсақ та игі істер атқарылды. Біздің Тілектес ауылы да сол қатарға енді. Ең бастысы, бүгін мектептің алғашқы тасы қаланды. Маусым айында кездескенде мектеп салынғаннан кейін сол көшеге асфальт салынатынын айтқан едіңіз. Сол келесі жылы бола ма? Сонда Тілектес ауылы жан-жақты гүлденген ауыл болар еді, – дейді ауыл тұрғыны

Аймақ басшысы Асайын Байханов бірінші мәселеге қатысты әр аудан билігі жобалық құжаттаманы өздері дайындап, мемлекеттік сараптамадан өткізіп, облыстық бюджеттік комиссия қарайтынын айтты.

–    Біз жобаларға талдау жасағанда ауылдағы тұрғындардың санына қараймыз. Тұрғындар саны 200-205 адамды құрайтын болса, міндетті түрде құжаттамалық қаражат қарастырылады, – деп облыс әкімі келесі жылғы наурыз айындағы кездесуде нақты жауабын айтатынын жеткізді.

Сондай-ақ мектептің жанынанжол салуға қатысты жоба әзірленген соң қаражат бөлінетінін жеткізді.

Еске сала кетейік, Тілектес ауылында заманауи мектеп салынады, алдағы уақытта жаңа медициналық пункт ашылады.