Павлодарда қандастар отбасылық кәсіп бастап, жылыжай ашты

Ауыл тұрғыны қайтарымсыз грант алып, кешенді дамытуға ынталы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Заңғар ауылында 2023 жылы Өзбекстаннан қоныс аударып келген Нұрлан Төлегов жекеменшік қаржыға жылыжайды іске қосқан.
Көпбалалы әке ата жұртқа көшіп келген соң үкіметтен берілген қаражатқа баспаналы болып, 2024 жылы жылыжай ашып, мемлекет берген 1 580 000 теңге қайтарымсыз грантқа жылыжайға керекті техника алған.
– Мен Өзбекстанда 15 жылдан артық уақыт жылыжайда жұмыс істедім. Бар қыр-сырын білгендіктен, көшіп келген соң осы кәсіпті бастауды жөн көрдім, – дейді Нұрлан Төлегов.
Жылыжай өз үйінің ауласындағы 10 соттық жерде орналасқан. Жылыжай екі блоктан тұрады, әрқайсысының көлемі 9х9 метр. Қазіргі кезде бәрі іске қосылған.
– Алғашқы жылы егін салған соң қияр, салат жапырағы, шалғам сияқты көкөністерді сынақ ретінде егіп көрдім. Бәрі жақсы өнім берді, – дейді ол.
Оның айтуынша, өңірдегі тұқымдардың бағасы қымбат, бұрын өсіріп көрмеген. Сол себепті жақсы өнім алу үшін арнайы сортты тұқымдарды Ташкенттен сатып алдырған. Ал, ауруға ұшыратпай, дұрыс өсуіне көмектесетін дәрілерді Павлодар облысынан алыпты.
Өсімдіктерді суғару мәселесін шешу үшін, ол құдық қаздырған.
– Жылыжайды ашатын кезде ауылдық әкімдік пен «Аманат» партиясы көп көмек көрсетті. Енді жылыжайды кеңейтуге жол көрсетіп, көмектессе екен деп үміттенемін, – дейді Нұрлан Төлегов.
Ауыл тұрғыны кәсібін дамытып, жағдайын жасауға ауылдық әкімшілік жер беруге дайын. Алайда, әзірге кәсіпкердің жылыжайдың аумағын арттырып, қосымша құрылыс салу үшін қаражат жетпей жатыр.
Айта кетейік, кәсіпкер өскен өнімдерін қаладағы сауда орындары мен дүкендерге сатылымға шығарып отыр. Қазірге жалпы қанша өнім алынғанын өздері анықтап есептемеген.