Павлодарлық жастардың IT-жобаларына инвестиция құйыла бастады
Павлодарда 20-ға жуық IT-жобаға консультациялық қолдау көрсетілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда IT-бастамаларды дамытуға бағытталған Pavlodar Hub жас әзірлеушілер мен стартап авторларына қолдау көрсетіп келеді. Жылдың алғашқы жартысында хаб мамандары шамамен 20 жобаға консультациялық көмек көрсеткен. Бұл туралы Pavlodar Hub филиалы директорының міндетін атқарушы Данияр Мамытбек айтты.
Оның сөзінше, консультация алған жобалардың басым бөлігі білім беру саласына бағытталған. Олардың қатарында тіл үйренуге арналған Lingo сервисі және жасанды интеллект технологияларын пайдаланатын жобалар бар.
– Белгілі бір стартап міндетті түрде нақты бір жұмысқа арналады деген түсінік жоқ. Стартап белгілі бір аудиторияға бағытталады. Алдымен аудитория анықталып, оның мәселесі мен қажеттілігі зерттеледі. Жоба осыдан басталады, – дейді Данияр Мамытбек.
Маманның айтуынша, жоба әзірлеу барысында оның бастапқы идеясы бірнеше рет өзгеруі мүмкін. Себебі стартап аудиторияның пікіріне, тестілеу нәтижелеріне және анықталған мәселелерге қарай үнемі жетілдіріліп отырады.
– Кейде жобаның бастапқы идеясы соңында шыққан өнімнен мың есе ерекшеленуі мүмкін. Себебі жоба сұрақтар, жауаптар, қателер мен мәселелерді шешу кезеңдерінен өтеді. Нәтижесінде бастапқы идеядан мүлдем басқа, жаңа өнім пайда болуы мүмкін, – дейді ол.
Pavlodar Hub-та дамып жатқан жобалардың арасында инвестиция алған стартаптар да бар. Солардың бірі – Vibe Check. Бұл бағдарламашыларға кодтағы қателерді анықтауға және оларды түзету жолдарын ұсынуға көмектесетін бағдарламалық кеңейтім.
Жоба авторы – павлодарлық жас әзірлеуші Ален. Стартапты дамыту және сынақтан өткізу үшін ол төрт мың доллар көлемінде инвестиция алған.
Тағы бір павлодарлық оқушы Алматыда өткен байқауда жеңіске жетіп, сегіз мың доллар инвестицияға ие болған.
Данияр Мамытбектің айтуынша, стартаптардың басты ерекшелігі – олардың үнемі өзгеріп, жаңарып отыруы.
– Стартап – бір орында тұрмайтын сала. Оны үнемі жетілдіріп, жаңартып отыру қажет. Мысалы, жобаны жасаған платформа уақыт өте келе ескіруі мүмкін. Сондықтан оған жаңа ақпарат қосып, технологияларды жаңартып отыру керек. Стартап үнемі бейімделіп, өзгеріп, жаңарып отырад», – деді Pavlodar Hub филиалы директорының міндетін атқарушы.
Қазір хаб өкілдері ерекше назар аударып отырған бағыттардың бірі – білім беру саласын цифрландыру. Данияр Мамытбек оқытушылардың жұмысын жеңілдететін технологиялық шешімдерге сұраныс жоғары екенін атап өтті.
– Қазір ақпарат өте көп. Оны өңдеуге де, меңгеруге де көп уақыт қажет. Сондықтан автоматтандыруды мұғалімдерге, жоғары оқу орындарының оқытушыларына – жалпы барлық педагогтерге бағыттар едім, – дейді ол.
Pavlodar Hub мамандары мектептерге де барып, мұғалімдер мен оқушыларға жасанды интеллект және вайб-кодинг бойынша сабақтар өткізеді.
Вайб-кодинг – жасанды интеллект көмегімен қосымшалар, сайттар немесе Telegram-боттар жасауға мүмкіндік беретін бағыт. Оның көмегімен пайдаланушылар бағдарламалау процесін жеңілдетіп, өз идеяларын қысқа уақытта цифрлық өнімге айналдыра алады.
Мамандардың айтуынша, мұндай технологияларды меңгеру жастарға дайын өнімді пайдаланушы болумен қатар, өздерінің цифрлық жобаларын жасауға мүмкіндік береді.
Бүгінде Pavlodar Hub-тың негізгі мақсаты – идеясы бар азаматтарға оны дамытуға қажетті орта мен сараптамалық қолдау көрсету. Хабта жоба авторлары аудиториясын анықтап, өнімін сынақтан өткізіп, алғашқы клиенттермен жұмыс істеуге және стартапын одан әрі дамытуға мүмкіндік алады.