Павлодарлық ақынның қос бірдей шәкірті Астанадан жүлделі орынмен оралды
Елордада оқушылар арасында республикалық ақындар айтыс өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Астана қаласында «Өлеңге құмар өрендер» атты республикалық оқушылар айтысы ұйымдастырылды. Бұл айтыста Абай, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Петропавл, Қарағанды, Ақмола облыстарынан 20-ға жуық айтыскер өнер көрсетті. Бұл дүбірлі додаға Асығат Тұрғанбектің қос шәкірті қатысып, қанжығасын майлап келді.
– Айтыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өте тартысты өтті. Айтыс алдында екі күн бойы біз шеберлік сағаттарына қатысып, Еркебұлан Қайназар, Әділ Ахметов сынды тұлғалармен кездестік. Павлодардың атын қорғап келген екі ақын болып финалдық кезеңде өнер көрсеттік, –деді жас айтыскер, ақын Ибрахим Қазбек.
Шараның қорытындысы бойынша Ибрахим Қызбек үшінші орынға табан тіреп, 150 мың теңгелік ақшалай сыйлық иеленсе, бірінші орын Мейіржан Баршынбайға бұйырып, 250 мың теңгелік сертификат берілді. Ал қос қыранның ұстазы Асығат Тұрғанбекке 600 мың теңгелік сертификат табысталды.