Павлодарда Ұлттық киім күніне орай сән көрсетілімі өтті
Коллекцияларды «Вернисаж» сән театры ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Этностильдегі киім топтамаларын көпшілік назарына ұсынған «Вернисаж» сән театры ұжымының жетекшісі Ольга Харитонованың айтуынша, бұл күні ұжым үшінші рет өнер көрсетті. Бұған дейін сән көрсетілімдері қаладағы оқу орындарында өткен, ал негізгі шара Мәдениет сарайында ұйымдастырылған.

– Біз көрермендерге қазақтың ұлттық киім элементтері енгізілген этностильдегі топтамаларды ұсындық. Ою-өрнектер, дәстүрлі әшекейлер мен ұлттық нақыштағы бөлшектер заманауи көйлектермен үйлесімді түрде біріктірілді, – деді модельер.
Сән көрсетіліміне сән театрының бірнеше тобы қатысты: кіші жасөспірімдер тобы және екі үлкен топ. Бағдарлама мазмұнды әрі әсерлі болды, ал әр топтама дәстүр мен заманауи сәннің үйлесімін көрсетті.

Ұжым мүшесі Дилара Молдабаева «Тұран» топтамасы өзінің сүйікті коллекцияларының бірі екенін айтты. Бұл топтама этникалық элементтері бар заманауи стильде жасалған. Ол Қазақстанның Ақтау, Астана және Алматы қалаларында, сондай-ақ Өзбекстанда өткен халықаралық байқаулар мен фестивальдерде таныстырылған.

– Қазіргі жастар киім үлгілерінде ұлттық нақыштарға жиі жүгінеді. Олар образдарын сырға, брошь, белдік сияқты дәстүрлі элементтермен толықтырады. Мұндай топтамаларда қазақ ою-өрнектеріне ерекше мән беріледі. Әр оюдың өзіндік мағынасы мен символикасы бар. «Тұран» топтамасы да осы ерекшеліктерге басымдық береді, – деді ол.

Сондай-ақ көрермендер «Сен сұлу», «Өнер», «Қорлан» және қазақ ұлттық киім элементтері енгізілген жаңа «Тұлпар» топтамаларын тамашалады.