Павлодарлық жастар заңға құрметін бейнеролик арқылы насихаттады

Павлодарлық жастар заңға құрметін бейнеролик арқылы насихаттады
Фото: автор

Ақпараттық технологиялар колледжінде «Заң мен тәртіп» идеологемасын іске асыру аясында ұйымдастырылған «Тәртіп өзімнен басталады» атты онлайн-бейнероликтер байқауының марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Байқауға облыс колледждерінің студенттері мен жалпы білім беретін мектептердің 8-11-сынып оқушылары белсенді қатысты. Жалпы саны 101 өтінім қабылданған. Әсіресе, облыстың мектеп оқушылары ерекше белсенділік танытып, көптеген мазмұнды жұмыстар ұсынды.

Байқаудың басты мақсаты – заманауи цифрлық форматтарды пайдалана отырып, жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтық жауапкершілігін күшейту. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалар жасөспірімдердің заңға деген құрметін арттырып, қоғамдағы тәртіп пен жауапкершілік мәселесіне саналы көзқарас қалыптастыруға бағытталған.

Павлодар қаласы Солтүстік полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция майоры Ерлан Қалқамбаев оқушылар мен студенттердің белсенділігі біз үшін жағымды әрі күтпеген жағдай болғанын атап өтті.

– Роликтерде алаяқтық, құқықбұзушылық және олардың салдары көрсетілген. Сонымен қатар, қоғамда өзін дұрыс ұстау, жеке мәдениет пен тәртіп нормалары туралы да маңызды ойлар айтылды. Осындай іс-шаралар арқылы балалар заң талаптарын нақты мысалдармен жақсы түсінеді. Егер мұндай жобалар тұрақты түрде ұйымдастырылса, бұл жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға үлкен әсер етеді деп ойлаймын, – деді полиция майоры.

Байқау қорытындысы бойынша үшінші дәрежелі диплом №18 орта мектебінің 8-сынып оқушысы Милана Бодылевскаяға табысталды, екінші дәрежелі диплом Жоғары түсті металлургия колледжінің бірінші курс студенті Абдулғазиз Хавдалұлына берілді, ал бірінші дәрежелі диплом Павлодар музыкалық колледжінің «Саналы ұрпақ» командасына бұйырды.

Жеңімпаз команданың мүшесі, музыкалық колледждің төртінші курс студенті Қанат Смағұлов олар түсірген бейнеролик сыбайлас жемқорлық тақырыбына арналған. 

– Негізгі мақсатымыз – жемқорлықтың қоғам үшін қауіпті әрі зиянды құбылыс екенін көрсету. «Жемқорлыққа жол жоқ» деген идеяны жеткізгіміз келді. Бейнероликті үш күн дайындадық, командада сегіз адам болды. Вокал бөлімінің студенттері ән орындап, өзге қатысушылар актерлік шеберлігін көрсетті. Қазір жастар әлеуметтік желілер арқылы көп ақпарат алады. Сондықтан осындай роликтер олардың санасына әсер етіп, болашақта қандай да бір заңсыз әрекетке бармас бұрын ойлануына себеп болады деп сенемін, – деді ол.

Айта кетейік, байқау материалдары әлеуметтік желілерде жарияланып, кең аудиторияға ұсынылмақ. Ұйымдастырушылар мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғасып, жастардың құқықтық мәдениетін нығайтуға өз үлесін қосады деп сенеді.