Павлодарлық ғалымдар 7 млн теңгеге жуық сыйақыға ие болды

Павлодарлық ғалымдар 7 млн теңгеге жуық сыйақыға ие болды
Фото: TOU баспасөз қызметі

Олар инжиниринг және технология, әлеуметтік ғылымдар бағыттарында жеңіске жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

TOU баспасөз қызметінің мәліметінше, Ж. Аймауытов атындағы этнопедагогика және білім берудің инновациялық технологиялары ҒПО директоры Енгілік Жұматаева және электр энергетикасы кафедрасының постдокторанты Бауыржан Машрапов «Үздік ғылыми қызметкер-2023» байқауының жеңімпаздары атанды.

Ғылыми-зерттеу институттарының, жоғары оқу орындарының және ұйымдардың ғылыми бөлімшелерінің 50 ғалымы жеңімпаз атанды. Олардың әрқайсысы куәлік пен 2000 АЕК мөлшерінде  сыйақы алады.

– Торайғыров университетінде қызметкерлердің ғылыми-зерттеу қызметі әрқашан көтермеленеді. Осының арқасында ғылыми қоғамдастықта біздің университеттің беделі артып, оның қабырғасында берілетін білім сапасы артып келеді. Бүгінде Қазақстанда ғылымға ерекше көңіл бөлінеді, сондықтан біздің ғалымдарымыз осы мүмкіндікті пайдалануы керек, – деп атап өтті ЖОО ректоры Еркін Садықов.

Ректордың айтуынша, түрлі гранттар, конкурстар мен тағылымдамалар қазақстандықтарға және бүкіл адамзатқа пайда әкелетін жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.  

Конкурсқа барлығы жеті бағыт бойынша 307 өтінім түскен: «Жаратылыстану ғылымдары», «Инжиниринг және технологиялар», «Медицина және денсаулық сақтау», «Әлеуметтік ғылымдар», «Гуманитарлық ғылымдар және өнер», «Ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдары» және «Әскери ғылымдар және ұлттық қауіпсіздік».